АҚШ пен Украина 10 жыл мерзімге қауіпсіздік туралы келісім жасады
АҚШ пен Украина 10 жыл мерзімге қауіпсіздік туралы келісім жасады. Құжатқа Италияда өткен G7 саммиті аясында президенттер Джо Байден мен Владимир Зеленский қол қойды, дейді Reuters, - деп хабарлайды Arbat.media.
Келісімде Украинаға қарулы шабуыл немесе осындай шабуыл қаупі төнген жағдайда АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері 24 сағат ішінде украиндық әріптестерімен кездесіп, Украина қорғанысына қажетті жауаптар мен керек-жарақтарды талқылайтыны айтылған.
«Екі жақ та Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін НАТО стандарттарына сай келетін қорғаныс өнеркәсібі базасына айтарлықтай әскери күштер, мықты мүмкіндіктер және тұрақты инвестиция қажет екенін мойындайды», - делінген мәтінде.
Байден бұл келісім Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянсқа апаратын жолындағы қадамдардың бірі екенін атап өтті.
Бұған дейін Германия, Франция және Ұлыбританияны қоса алғанда, тағы 15 ел Украинамен осындай қауіпсіздік келісімдерін жасаған болатын.