Британияда Ұлыстың ұлы күні мерекесі аталып өтті
Тұманды Альбионда тұратын қандастарымыз бен жергілікті халық бірігіп Наурыз мейрамын атап өтті. Бұл күні қазанның жанында қызу тірлік қайнап жатты. Ұйымдастырушылар тағамның дәм-тұзын келтіріп, жүгіріп жүр. Палаудың күрішін баптауға білек сыбана кіріскен аспаздардың бірі Серік, шын аты Стивен. Кезінде Қазақстанда жұмыс істеп, қазір зейнетке шыққан, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
“Әдетте, Атыраудағы Теңіз мұнай-газ кен орнында Наурыз тойлайтынбыз. Биыл осында атап өтіп жатырмыз. Маған қазақтың мәдениеті және тағамдары ұнайды. Музыкасын және билерін жақсы көремін”, - дейді зейнеткер Стивен Бакленд.
Шара басталмас бұрын әнұран орындалды. Елден жырақта жүрген қандастарымыз жүрек тұсына оң қолдарын қойып, ән шырқап, елге деген құрметтерін көрсетті.
Бұл күні палаудан бөлек үлкен ас та тартылды. Қазақстаннан жеткен жылқының еті мен қазы-қарта, құрт пен жент дастарханды жайнатып жіберді. Ас-ауқат жеп, түйілгендерге сорпа берілді. “Жиған-тергенің тойға шашылсын” деген сөзді жадына түйген қазақтар шашу шашуды да ұмытпады.
“Мен осы Англияда тұрып жатқаныма 17 жыл болды. Наурыз мерекесін ұйымдастырып жүргенімізге 8 жыл болды. Бүгін 120-дай ересек адам келді, 70-тей бала жиналды. Өте жақсы өткізіп жатырмыз”, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Алмаш Әлиева.
“Англия еліне жолдасыммен және кішкентай баламызбен 7 жыл бұрын көшіп келгенбіз. Наурыз тойын мерекелеудегі мақсатымыз осындағы қазақтардың басын қосып, балаларымызды бір-бірімен таныстыру”, - дейді тағы бір ұйымдастырушы Ботагөз Нил.
Сахнаға ата-аналар балаларымен бірге шығып, өнер көрсетті. Бірі домбыра, енді бірі қобыз тартты. Көпшілігі ұлттық аспаптарды Қазақстандағы мұғалімдерден онлайн үйренген.
“Көктемнің осындай керемет күнінде қазақтардың басы қосылып, жиналып жатқаны бәрімізді қуантады. Керемет шара деп ойлаймын. Жыл сайын өткізіліп жатыр. Ортамыз жылдан жылға толып, шетелдіктер де қосылып жатыр”, - дейді Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының директоры Кәмшат Күмісбай.
Бәрінен де кішкентайлар риза. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін балалардың ұлтжанды болып өсіп жатқаны аңғарылады. Ата-аналар арқан тартып, жарысқаннан кейін ұл-қыздары да ұлттық ойынды жалғастырды. Оларға британиялық балалар да қосылды.
“Ешкім ауырмасын, денсаулық зор болсын және бейбітшілік болсын”, - дейді оқушы қыз Амели Скотт.
“Әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін”, - дейді тағы бір оқушы қыз Алтыншаш Дипроуз.
Ұлыбританияда бейресми деректерге сәйкес 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Студенттермен қатар, отбасылық жағдайымен немесе жұмыс бабымен өмір сүріп жатқан отандастарымыз көп.