Джулиан Ассанждың тағдыры қыл үстінде
Лондонның Жоғарғы сотында 52 жастағы Джулиан Ассанждың апелляциялық шағымы бойынша тыңдау аяқталды. Егер Ұлыбритания билігі оны АҚШ-қа экстрадицияласа, Викиликс сайтының негізін қалаушысы 175 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қамаудағы журналистің қолдаушылары Лондондағы Жоғарғы соттың алдына жиналып, оның босатылуын талап етті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Даудың басы – 13 жыл бұрын жарияланған Викиликс сайтының құпия ақпараты. Джулиан Ассанж АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстандағы әскери әрекеттері туралы ашығын айтқан. Нәтижесінде АҚШ президенті Барак Обаманың абыройы айрандай төгілді. Бірақ журналистті қудалады деп айыптамасын деп АҚШ Әділет министрлігі істі жылы жауып қойды. Трамптың жеңісінен кейін журналистің ісі май шаммен қайта қаралды – қандай да бір жаңа ақпарат жария етілмесе де.
«АҚШ экстрадициялау рәсімі бойынша түсініктеме бермейді. Айтарм, АҚШ Әділет министрлігі Ассанжға өте ауыр қылмыстық әрекеттері үшін айып тағып отыр. Ол қарсыластарымыздың мүддесі үшін жұмыс істеп, біздің ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен зиян келтірді. Ақпарат көздеріміздің есімдерін атап, өміріне қауіп төндірді», - деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
Ассанж 7 жыл бойы Лондондағы Эквадор елшілігінен шықпай, жасырынып жүрді. 2019 жылы кепілге босату шарттарын бұзғаны үшін абақтыға қамалды. Содан бері ол Лондонның оңтүстік-шығысындағы қатаң режимдегі түрмеде отыр. Тіпті сол жерде үйленді де.
«Егер Джулиан Америкаға экстрадицияланса, сот әділ өтпейді. АҚШ күйеуімді өлтіруді жоспарлап отыр. Ол кәсіби әрекеті үшін қудалануда. АҚШ журналистік тергеумен айналысатындарды қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр. Бұл бүкіл әлемдегі сөз бостандығына қарсы бағытталған шабуыл. Бұл - халық білгісі келетін ақиқатқа қарсы жасалған қастандық. Джулиан - саяси тұтқын және оның өміріне қауіп төніп тұр», - деді Ассанждың жұбайы Стелла Ассанж.
АҚШ прокуратурасы 52 жастағы Ассанжды 18 тармақ бойынша соттауды көздеп отыр. Көптеген әскери құжаттар мен дипломатиялық хаттарды жария етті деген желеумен. Журналист құпия агенттердің өміріне қауіп төндірді-мыс. Және оның қылмыстық әрекеттерін ақтауға болмайды. Ассанжды қолдаған халық Еуропа елдерінде наразылық білдірді. Жақтастарының пікірінше, журналист биліктегілерге қарсы шығып, АҚШ-тағы құқық бұзушылықтарды әшкерелегені үшін айыпталып отыр.
«Ол түрмеден шығуы керек. Білесіз бе, Ассанж шындықты айтқаннан басқа ештеңе істемеді. Халық оны толығымен қолдайды деп ойлаймын. Әлемде қазір алай-дүлей болып жатыр және Ассанж сияқты ақиқат айтатын адамдар керек-ақ», - дейді наразылық шарасына қатысушы.
«Ассанж біз үшін, мен үшін - батыр. Ол шындықтың, бейбітшіліктің, әділеттіліктің қорғаушысы. Мен бүгін Ассанждың АҚШ-та 175 жылға түрмеге тоғытылуын қаламайтынымды айту үшін келдім. Оның журналистика үшін ғана емес, осы ғаламшарда өмір сүретіндер үшін де бостандыққа шыққаны маңызды. Ол бүкіл әлемдегі әділетсіздіктерді әшкерелейді», - дейді тағы бір наразы топ мүшесі.
Екі күнге созылған сот процесі кезінде Ассанждың адвокаттары бұған дейінгі сот шешімін теріске шығаруға тырысты. Олардың пікірінше, бұрынғы судьялар істің саяси астары бар екенін ескермеген.
«Джулиан Ассанж баспагерлер мен журналистерге тиесілі кәсіппен айналысты. Олар әскери қылмыстарды, адамзатқа қарсы әрекеттерді, азаптауларды және маңызды қоғамдық мәселелерді әшкерелейтін материалдарды құпия көздерден алады және жариялайды. Журналисті тыңшылық жасады деп айыптау саяси қудалаумен тең», - деді «Халықаралық амнистия» үкіметтік емес ұйымының заңгері Саймон Кроутор.
Ассанж сот процесіне бұл жолы да қатыспады. Тіпті қашықтан бақыламады да. Қорғаушылары мен жұбайының айтуынша, оның денсаулығы сыр берген. Адвокаттары Ассанж 175 жылға дейін сотталуы мүмкін дегенімен, АҚШ прокуратурасы 5 жыл 3 айдан әрі аспайды деп отыр. Сот шешімі келер айда белгілі болады.
Егер Ассанж бұл істе жеңіске жетсе, толыққанды апелляциялық тыңдау өткізіледі. Ұтылған жағдайда Ассанждың Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа жүгінуден басқа амалы қалмайды. Бірақ Еуропалық сот істерді өте ұзақ қарайды және осы уақыт ішінде айыпталушы АҚШ-қа жөнелтілуі әбден мүмкін.