Усама бен Ладеннің ұлы Франциядан депортацияланды
ФОТО: Еuronews
Еuronews
Әлем10 қазан 2024, 10:23

Усама бен Ладеннің ұлы Франциядан депортацияланды

Франция үкіметі «Әл-Қаида» халықаралық лаңкестік ұйымының бұрынғы жетекшісі Усама бен Ладеннің ұлы Омарға елге кіруге ресми түрде тыйым салды. Бұл туралы Францияның ішкі істер министрі Брюно Ретайо X-тегі парақшасында хабарлады. Министрдің айтуынша, Омар бен Ладен бірнеше жылдан бері Францияның солтүстігіндегі Орн департаментінде әйелімен (британ азаматы) бірге тұрған. Алайда француз үкіметі былтыр әлеуметтік желіде терроризмді насихаттайтын пікірлерін жариялаған соң оны республикадан шығару туралы шешім қабылдауды талап еткен. Сот бұл өтінішті заңды деп тапқаннан кейін үкімет Омардың Франциядан кетуін қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

– Омар бен Ладеннің Францияға кіруіне әкімшілік тыйым салу туралы шешімнің арқасында ол қандай да бір себептермен елге орала алмайды, – деді Ретайо.

Ақпарат үшін, Усама бен Ладен 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі қос мұнаралар жарылған лаңкестік әрекетті өз мойнына алған «Әл-Каида» халықаралық лаңкестік ұйымының негізін қалаушы және бұрынғы жетекшісі.

"Француздық «Parisen» газеті Омар бен Ладеннің қазір Катарда екенін, ол елден шығару туралы шешімге қарсы апелляциялық шағым түсіргенін, бірақ жұма күні француз соты оны қабылдамағанын хабарлады" деп жазады Euronews.

Омар бен Ладен тағылған айыптарды жоққа шығарды.

Жергілікті Le Publicateur Libre газетінің хабарлауынша, даулы твиттердегі постты бен Ладен 2023 жылы 2 мамырда, әкесінің туған күнінде жариялаған.

Омар оның атынан бейтаныс адам жазғанын алға тартты.

– Басқа елден бөтен біреулер менің атымды пайдаланып Twitter аккаунтымның құпия паролін бұза алған. Бұл менің сөздерім емес. Мен бұл туралы Twitter-ге хабарладым және бір аптадан кейін аккаунт тоқтатылды. Мен терроризм мен зорлық-зомбылықты шын жүректен қаралайтынымды адамдарға айтқым келеді, – деді ол журналистерге.

АҚШ үкіметінің ресми нұсқасы бойынша, бен Ладен 2011 жылы 2 мамырда Пәкістанның солтүстік-батысындағы Абботабад қаласындағы виллада арнайы операция кезінде көзі жойылған.

Усама бен Ладен Франция Депортация

Тақырыпқа жаңалықтар