1WIN казиносының ұйымдастырушыларына халықаралық іздеу жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген 1WIN онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандасымызды тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен. Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік береді.
2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңгені құраған.
«Тергеу әлі де жалғасады. Онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Сондай-ақ Mercedes-Maybach S500 және Lamborghini Huracan автокөліктері тәркіленді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес бұдан өзге ақпарат жария етілмейді», делінген хабарламада.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызмет тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертеді.