20 градус аяз: Қазақстанда қарашаның соңында күн күрт суытады

Қарашаның соңғы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылып, қар аралас жаңбыр жауады. Кей өңірлерде боран соғып, көктайғақ болады. Түнгі ауа температурасы 20 градус аязға дейін төмендейді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Алдағы күндері атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің бірқатар өңірінде жауын-шашын жауып, тұман түседі. Сондай-ақ жел күшейіп, ауа температурасы біртіндеп төмендейді.

30 қарашаға қараған түні еліміздің батысында 5–12 градус, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында 10–18 градус, шығысында 7–12 градус аяз болады. Таулы аймақтарда термометр бағаны 20 градус аязды көрсетуі мүмкін. Қалған өңірлерде ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.

30 қарашада еліміздің шығысында қалың қар жауады. Ал оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қар аралас жаңбыр жауып, жауын-шашын мөлшері артады.

Синоптиктердің болжамынша, желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Дегенмен қыстың алғашқы айында Астанада 26 градусқа, Алматыда 17 градусқа дейін аяз болуы ықтимал.

Ауа райы Күрт өзгеру температура Қар,жаңбыр

Тақырыпқа жаңалықтар