3 мың доллар: Алматыда курьер зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды
Алматыда зейнеткерді телефон алаяқтарынан құтқаруға көмектескен курьер Нартай Есімханов марапатталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында егде жастағы әйелдің алаяқтардың арбауына түсіп, 3 мың АҚШ долларын «тексеруге» беремін деп пакетке салып жібергені анықталған. Курьер зейнеткердің қатты қобалжып тұрғанын байқап, күмәнді жағдайға байланысты тапсырысты орындамаған және бірден полицияға хабарлаған.
Курьердің белсенді әрекетінің арқасында қылмыстың жолы кесіліп, зейнеткердің ақшасы толық қайтарылды. Азаматтық ұстанымы мен қылмысқа қарсы әрекеті үшін ол Алматы Полиция департаментінің басшылығы атынан Алғыс хатпен марапатталды.
«Әженің көзіне қарағанда оның қатты қорқып тұрғанын түсіндім. Оны аяп кеттім. Сол кезде өз анам есіме түсіп, «Оның орнында менің анам болса ше?» деген ой келді. Сондықтан бірден полицияға хабарластым. Дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын», - дейді Нартай Есімханов.