«7-20-25» бағдарламасының 2024 жылғы бюджеті
«7-20-25» бағдарламасының 2024 жылғы бюджеті бекітілді. 2023 жылғы 25 желтоқсанда Ұлттық Банк «7-20-25» ипотекалық кредиттеу бағдарламасын іске асыру туралы қаулы қабылдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
«2023 жылғы 25 желтоқсанда Ұлттық Банк Басқармасының № 104 қаулысы қабылданды, онда:
— 2024 жылы бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемін рұқсат етілген ең жоғары деңгейде 100 млрд теңге мөлшерінде белгілеу және бюджетті тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөлу;
— бағдарлама бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сенімгерлік басқарғаны үшін банктердің сыйақысын жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендету көзделеді. Бұл түзету бағдарлама операторы — «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ мен бағдарламаға қатысушы банктер арасында белгіленетін құқықтық қатынастарды қозғайды және азаматтарды кредиттеу шарттарына әсер етпейді» делінген хабарламада.
Айта кетейік, бағдарлама 2018 жылы жұмыс істейтін азаматтарды 25 жылға дейінгі мерзіммен және 20%-дан басталатын бастапқы жарнамен 7%-дық жеңілдікті мөлшерлеме бойынша қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін іске қосылған.
2023 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 974,1 млрд теңгеге 71 699 жеңілдікті қарыз берілді.
Қаулының толық мәтінімен ҚР ҰБ сайтында танысуға болады.