Қазақстан жаңалықтары17 қараша 2023, 15:47

«Әке төрде, шеше босағада» моделінен бас тарту ұсынылды

Эмоционалдық зейінді дамыту жөніндегі тәлімгер, HR-сарапшы Әсел Мұратова мектеп оқулықтарындағы «Әке төрде, шеше босағада» моделінен бас тартуды ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Мен білім беру саласында құндылықтарды тарату комиссиясына қатыстым. Сол кезде бір ойым болды. Оқулықтарда отбасы құндылығы суреттерде қалай беріліп жүргенін бәріміз білеміз. Әке төрде отырады. Шеше үй шаруасын дөңгелендіріп жатады. Менің ойымша, оқулықтарда отбасының заманауи модельдерін де беру керек. «Әке төрде, шеше босағада» деген модельді ғана насихаттамай, өзге де модельдерді мысал ретінде беру керек. Суреттерде әке де шешемен бірге үй шаруасына араласып жатқаны, бала күтіміне, сабағына атсалысып жатқаны бейнеленуі керек. Білім беру жүйесінде осындай нұсқалар насихатталса, оқулықтардан көрініс тапса, біздің буынға, әсіресе ерлерге гендерлік теңдікті қабылдау жеңілірек болатын еді», - деді ол.

Оның пайымынша, гендерлік теңдік ұғымының түпкі мәнін түсінбейтін әйелдер де баршылық.

«Жалпы өмір мен экономиканың бүкіл саласына әйелдерді кіріктіруге бағытталған шаралар қазір өте көп. Бірақ кейде тіпті ақысыз тренингтер мен менторингтердің өзіне оларды жалынып жүріп келтіреміз. Мұның бәрі ескі түсініктердің әсерінен. Менің өзім де бұрынғы ұстанымдарымды қайта қарап, пайымдарымды өзгерткен адаммын. «Жұмыс істейтін ана дұрыс ана бола алмайды» деген қасаң қағидам болған. Сол түсінік маған жеке бизнес ашуға жылдар бойы кедергі жасап келді. Арнайы курстан өтіп, білімімді жетілдіргеннен кейін ғана жеке бизнесімді аштым. Коучингке маманданып жүргенде жұмыс көп істесем, ол балама зиян деп ойлайтынымды байқадым. Осы ойды қайта қарау керек болды. Соның арқасында көп еңбектеніп, дұрыс бағытта дамысам, балама тікелей үлгі бола алатынымды ұқтым. Қазір негізгі жұмысыма уақытымның 20-30 пайызы ғана кетеді. Қалған уақытымның бәрін балама арнаймын. Сондықтан біздің өзімізге өзгеру керек, өзгеріске ұмтылу керек. Қай жерде жұмыс істесем де, әйелдердің дамуына кедергі келтіретін кейс көрген жоқпын. Керсініше қолдау бар. Яғни, көп дүние өзімізге байланысты», - дейді Әсел Мұратова.

Бизнес-тәлімгер еңбек нарығындағы трендтер әйелдерді ерлермен бәсекелесе жүріп мансап жасауға итермелеп отырғанын айтады.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай әлемде 85 млн жұмыс орны жоғалады да, 96 млн жаңа жұмыс орны ашылады. Жойылатын жұмыс орындарының көбінде әйелдер отыр. Мысалы, кеңсемен байланысты жұмыстың көбі жасанды зейінге сеніп тапсырылып жатыр. Осы орындардан босап қалған әйелдерді еңбекке араластыру үшін жұмыс берушілер жұмысқа адам қабылдаған кезде әйелдерге басымдық бере бастайды. Өйткені әлеуметтік теңгерімді сақтау керек», - дейді сарапшы.

 

Әсел Мұратова Әке төрде, шеше босағада бас тарту оқулықтар

Тақырыпқа жаңалықтар