Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматша Түркиядан экстрадицияланды
Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросы ҚР Сыртқы істер министрлігінің жәрдемдесуімен бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматшасын Түркия Республикасынан елге қайтарды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Күдікті 2024 жылы Қызылорда қаласында жәбірленушілерге зергерлік бұйымдарды төмен бағамен сатып алып беремін деп уәде беріп, олардан ақша алған. Салдарынан 8 адам жапа шегіп, 130 млн теңгеге материалдық залал келген.
Күдікті ел аумағынан тыс жерге бой тасалап, халықаралық іздеу жарияланған. Іздестіру іс-шаралары барысында ол Түркия Республикасының аумағында ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Тағылған қылмысы үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.