Placeholder Алматыда 200 отбасы элиталы үйіне жеті жыл бойы кіре алмай жүр
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары27 қыркүйек 2024, 11:23

Алматыда 200 отбасы элиталы үйіне жеті жыл бойы кіре алмай жүр

Алматылық 200 отбасы жарнамасы жер жарған элиталы кешеннен жеті жыл бойы пәтерінің кілтін ала алмай келеді. Үйді салғандар ғимараттардың тек қаңқасын көтеріп, сатып алушыларды күнде «ертеңмен» тойдырып келген. Он шақты жылға созылған сақалды құрылыс тіпті тоқтап қалған. Жүйкесі тозған жұрт қайда барарын білмей, полицияға арызданған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Алматының төрінде орналасқан элиталы тұрғын үйге 200 отбасының кіре алмай жүргеніне жеті жыл болған, деп жазады КТК телеарнасы.

«Баспаналы боламыз» деп қуанғандар бүгінде пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Үш қабатты үйлердің тек қаңқасы салынған. Шағымданушылардың айтуынша, құрылыс компаниясы тек бірінші кезектегі пәтерлерді сатқан. Ал қалғанын алдымен «6 ай», кейін «бір жылдың ішінде үйлі боласыздар» деп сендіріп келген. Бірақ одан құрылыс ілгері баспаған.

Сайлаубек Қырықбаев, үлескер:

— Еш өзгеріс жоқ. Біз келгенде осындай болатын, сол күйі тұр. Өзіміз саяжайда тұрып жатырмыз. Оңай емес, үлкен, жасы келген адамдарға. Зейнетке шыққаннан кейін осы жерде тұрып, өмірдің қызығын көреміз бе деп едік.

Жиналғандардың кейбірі үй алуға несие рәсімдеп, қолындағы соңғы тиынын санап берген. Алматының элита ауданынан үйлі боламыз дегендер енді пәтер жалдап жүр. Олар шаршы метрі миллион теңгені құрайтын тұрғын үйден бас тартып отырған жоқ үш — қабатты баспаналарды басқа компанияға өткізіп, құрылысты бітіріп беруін талап етіп отыр.

Сәбит Есмұратов, үлескер:

— Ольга Әбдіғаппарова бізге «әне болады, міне болады» деумен келеді. Ал былай түбіне жеткенде, қарап отырмыз, ақша қайда кетті, біздің ақшамыз?! Осы уақытқа дейін үйіміз неге салынбады? Үкімет бізді қорғау керек қой. Оларға лицензия берілді, құрылысшыларға рұқсат берді, жер берді. Шынына келгенде, кім кінәлі, сол жауап беруі керек.

Осылайша көп жыл шыдап келген жұрт полицияға арыз жазған. Тергеушілер қылмыстық іс қозғады.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

— Қылмыстық іс аясында 42 азамат ресми түрде жәбірленуші болып танылды. Аудиторлық тексеру, сонымен қатар басқа да сараптамалар мен зерттеу тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады.

Алғашында «баспаналы боламыз» деп қуанған жұрт бұған дейін қала әкімінен де көмек сұраған. Алайда одан еш нәтиже шықпаған. Ал қылмыстық іс «аса ірі көлемдегі алаяқтық» дерегі бойынша қаралуда. Қалай болғанда да сатып алушыларға енді істі соңына дейін жеткізіп, күтуден басқа амал жоқ.

Алматы 200 отбасы элиталы кешен

Тақырыпқа жаңалықтар