Алматыда ер адам қарт көршілерін өлтіріп, денесін үйімен қоса өртеп кеткен
Алматы облысы Талғар ауданының полициясы 38 жастағы Иван Заниловты іздестіріп жатыр. Ол өз көшесіндегі қарт көршілерін өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қайғылы оқиға 5 тамыз күні Панфилов ауылында болған. Сағат 11:00 шамасында Талғар аудандық полиция басқармасына «101» қызметінен жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірілгеннен кейін үй ішінен екі адамның күйіп кеткен мәйіті табылды.
Алайда өрт өлімнің басты себебі болмаған. Тергеу барысында бұл қылмыстың ізін жасыру үшін қасақана өрт қойылғаны анықталды. Үй ішінен қан іздері табылды. Сондай-ақ 1946 жылы туған ер адамның денесінен көптеген пышақ жарақаттары анықталды. Ал 1949 жылы туған әйел адамның мойнында қылқындырғаннан қалған іздер мен жіп табылған.
Полиция таратқан бағдарға сәйкес, күдікті Иван Занилов — сол көшеде, қаза тапқандардың үйінен бірнеше үйден кейін тұратын тұрғын. Бұған дейін ол ұрлық істегені үшін сотталған.
Қазір Талғар аудандық полиция бөлімі бүкіл жеке құрамды күдіктіні іздеуге жұмылдырды. Полиция Заниловтың өзін ұстауға қарсылық көрсетуі мүмкін екенін ескертіп, сақтық шараларын сақтауды талап етті.