Алматыда қойма өртенді
Өрт сөндіруге 30-дан астам техника мен 100 адам жұмылдырылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, 18 желтоқсан күні таңғы сағат 7.19-да Алмалы ауданы Райымбек даңғылы, 212/2 мекенжайында қоймаъда өрт шыққаны жайлы хабар түскен.
ТЖД бастығының бірінші орынбасары, полковник Асан Айтеевтің айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен сәтте қойманың ашық жалынмен өртенгені белгілі болған.
Қойма қызметкері уақытылы хабарламағандықтан жалын аумағы ұлғая түскен.
«Өрт орнында дереу жедел штаб құрылып, мүдделі қалалық қызметтер (Алматы су) тартылды, үш жауынгерлік аймақ құрылып, өртті сөндіру және көрші қоймаларды қорғау үшін өрт оқпандары енгізілді. Райымбек даңғылынан су үздіксіз берілді. Қойма ішіндегі тым күшейіп кеткен тілсіз жау сөндіру жұмысын қиындатты, бұл өрттің тез таралуына, жоғары температура мен қою түтіннің пайда болуына ықпал етті. Бұл ретте ішінде тауар-материалдары (картон, қағаз өнімдері, азық-түлік) бар жақын маңдағы қоймаларға өрттің таралуына жол берілген жоқ», — деді Асан Айтеев.
Өрт таңғы сағат 8:50-де оқшауланып, 9:45-те толық өшірілді. Ешкім зардап шекпеді.