Алматының шыжыған ыстығы 50 жыл бұрын тіркелген температура рекордын жаңартты
Алматыда 16 шілде күні жаңа температуралық рекорд тіркелді. Ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріліп, 1976 жылғы ең жоғары көрсеткіштен асты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Қазгидромет маманы айтты. Алматы және Алматы облысы бойынша метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаев мәліметінше, қалада ауа температурасы +38 градусқа жеткен.«16 шілдеде болған шыжыған ыстық ауа-райы бұның алдында 1976 жылы тіркелген. Ол кезде термометр бағаны +36,1 градусқа дейін көтерілген, алайда биылғы көрсеткіш одан жоғары болып тұр», — деді ол. Сонымен Алматыда 16 шілдеде ауаның максималды температурасы +38 градусқа жетіп, жарты ғасырға созылған бұрынғы максимумнан асып түсті.
Қазгидрометтің бақылау желісі тиісті деректерді тіркеді.Қазгидрометтің болжамынша, таяу күндері Алматыда қатты ыстық сақталады. Күндіз ауа +40...+42 градусқа дейін ысиды, жауын-шашын болмайды.