Алтын адам табылған ШҚО ауылында интернет жоқ
Фото: freepik.com
freepik.com
Қазақстан жаңалықтары22 қазан 2024, 10:00

Алтын адам табылған ШҚО ауылында интернет жоқ

Шілікті ауылы Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында орналасқан. 2003 жылы үшінші алтын адам табылған бұл елді мекенді өңір ғана емес, мұқым республика жұртшылығы біледі. Десе де әйгілі ауыл әлі күнге дейін интернетке жарымай отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Таяуда Шілікті ауылының халқы Kazinform редакциясына хабарласты. Оларды толғандырған мәселе – интернеттің жоқтығы.

«Ауылға биыл интернет тарту жұмыстары қарқынды басталды. Соны көргенде бәріміз қуанып, бір-бірімізге сүйіншілеп жүр едік. Бірақ бұл жұмыстардың аяғы сиырқұйымшақтанып кеткендей. Шамамен ауылдан 15 шақырымдай жерге ток бағаналарын тартып, тау басына мұнараға дейін орнатылды. Тарбағатай ауданы жақтан да бір мұнара орнатып қойды. Оған ток тарту жұмыстары мүлде басталған жоқ. Билік өкілдері интернет осы жылдың қыркүйек айында тартылып қояды деп еді. Алайда олай болмады», - деді аты-жөнін атамауды сұраған ауыл тұрғыны.

Бұл тек бір ауылды емес, ауылдық округ жұртшылығын мазалап отырған мәселе. Шілікті ауылдық округінде барлығы 360 үй бар. Онда 1500-ге жуық адам тұрып жатыр.

«Әкімдікке хабарласып, қашан интернет қосылатынын талай мәрте сұрадық. Десе де нақтысын айтпай отыр. Сол жағын біліп берсеңіздер», - деді шіліктіліктер.

Соны білу үшін Зайсан ауданы әкімдігіне сауалхат жіберіп көрдік. Ресми жауапты аудан әкімінің орынбасары Данияр Серіков берді.

«Шілікті ауылы тұрғындары аудан әкімдігіне интернет қосып беру бойынша алғаш рет 2023 жылы өтініш білдірді. Биыл ауылға интернет тарту үшін бағаналар орнатылып, мұнара қойылғаны рас. Бірақ интернетті іске қосу 2025 жылға жоспарланған», - деді ол.

Биыл интернетке қажетті мұнараларды орнату жұмыстары Шіліктіден бөлек, Тасбастау, Жаңатұрмыс ауылдарында да жүргізілген екен.

«Қазіргі уақытта аудан бойынша интернет Қабырғатал, Шүршітсу, Қарасай, Какенталды, Ақарал, Қосқара, Дауал, Сәтпай, Мұқаши, Аққойын ауылдарында тартылмаған. Аудан ауылдарына интернет тарту үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Данияр Серіков.

ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде аймақ бойынша 155 ауыл тұрғындары интернетсіз отыр. Бұл 250 адамнан аз адам тұратын шағын елді мекендер. Ұялы байланыс операторларына оларға тиісті жабдықтарды орнату тиімсіз. Сондықтан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қолға алынған.

Алтын иадам ШҚО Ауыл Интернет

Тақырыпқа жаңалықтар