Америкалық жазушы әрі ковбой Қазақстан жылқылары туралы кітап жазбақ
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып жатқан америкалық жазушы, журналист, көкпардан АҚШ құрамасының мүшесі Уилл Грант қазақстандық жылқылар туралы кітап жазуды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ол Kazinform агенттігі тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Қазақстанға бірінші рет келдім. Кең даласын, ғажайып ауасын көріп ерекше таңғалдым. Қазақстан әдемі ел екен. Менің ойымша, Қазақстанда көп нәрсе шынайы, өйткені Қазақстан — кең даланың жүрегі. Бұл жылқылардың алуан тұқымдары бар өте үлкен ел. Көкпар, көк бөрі ойындары — біз үшін жаңа дүние болғандықтан ойнау қыйын болды. Кейбір кісілер бұл жақтың аттарына үйренбегендіктен қолайсыздықтар болдыма деп сұрап жатыр. Менің ойымша аттың бәрі бірдей, тек оны тізгіндей білген адам өзіне бағындыра алады. Мен, АҚШ-тың Колорадо штатында туып-өстім. Колледжден кейін ол Колорадо, Вайоминг және Техас штаттарында ковбой және ат жаттықтырушысы болып жұмыс істедім. Сол жерде аты аңызға айналған шабандоз Джек Брейнардпен бірге оқыдым. 2008 жылы жылқы баптаумен айналыса жүріп, журналист ретінде жұмысын істедім», — дейді ол.
2023 жылы Грант Пони туралы кітабін жазған, онда ол тарихи Pony Express бағытын қайта құрудағы өзінің ерекше шытырман оқиғасын баяндайды. 2019 жылдың жазында ол атпен 3200 шақырымнан астам жол жүріп, ат мінген пошташылардың Миссуриден Калифорнияға дейінгі жолын басып өткен.
«Бала кезімнен жылқыны жақсы көремін, атқа мініп табиғат аясында жүргенді ұнатамын. Бұл мен үшін керемет демалыс. Мен Pony Express туралы кітап жаздым. Бұл Америкада поштаны бір жерден екінші жерге апаратын аттар. Шыңғыс ханның жылқыларындай жүйрік. Мен 3200 шақырымды қалай жүріп өткенімізді жаздым. Осы сапарымда бұл кітабімді Қазақстанға ала келдім», — дейді Уилл Грант.
Енді Грант адамзаттың атқа мінген алғашқы күннен бастап, адамдар мен жылқылардың қарым-қатынасының тарихына жаңа кітап арнауды жоспарлап отыр.
«Қазақстанға қайта келуді жоспарлап отырмын. Алайда, қазір қолымның сіңірін созып алдым. Жалпы, ендігі наурыз айында Қазақстанға келіп, осы елдің жылқылары туралы кітап жазуды ойлап отырмын. Өзім Орталық Азия және әлемдегі жылқы тұқымдары жөнінде кітаптар жазуды бастаған едім. Мен Қазақстанда жылқылар алғашқы рет қолға үйретілген мекен деп білемін. Сондықтан мен үшін бұл мекенде болудың өзі үлкен мәртебе», - дейді америкалық жазушы, журналист, көкпардан АҚШ құрамасының мүшесі Уилл Грант.