Азаптау оқиғасы: ҰҚК бұрынғы қызметкерлері үкімді жеңілдетуді сұрады
Kazinform
Солтан Жексенбеков
Қазақстан жаңалықтары4 маусым 2024, 12:00

Азаптау оқиғасы: ҰҚК бұрынғы қызметкерлері үкімді жеңілдетуді сұрады

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрт қызметкеріне «құрамында алтыны бар шикізатты ұрлады деп айыпталған 13 тұтқынды аяусыз азаптады» деген айып тағылып, биыл сәуірде Ақмола гарнизоны әскери соты үкім шығарған болатын, - деп хабарлайды Arbat.media.

Апелляциялық шағым түсірген сотталушылардың ісі бүгін Астана қаласындағы әскери сотта қайта қаралды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Естеріңізге салсақ, қоғамды елең еткізген оқиға 2021 жылы наурызда болған еді. Сол жылы Семейдегі «Алел» қаржы инвестициялық корпорациясы игеріп жатқан Суздаль кеніші зауытынан «аса бағалы металды жымқырды» деген күдікпен 59 адам қамауға алынған-ды.

«Халықаралық қылмыстық топқа» қатысы бар деп ұсталғандардың туыстары оларды тергеу орындары азаптағаны туралы сан мәрте шағым жазып, 2022 жылы Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ҰҚК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында 46 адам азап көргендер қатарында айтылғанымен, кейін тек 13 адам жәбірленуші болып танылды.

Cотқа дейінгі тергеу де, сот та ұзақ жүрді. Жарты жылға созылған сот тергеуінде ҰҚК қызметкерлері күдіктілерді Астанадағы тергеу изоляторындағы ҰҚК құрған арнайы дәлізде азаптап, алтын ұрлығын «мойындатқаны» дәлелденді.

Белгілі болғандай, сотталушылар су қайнататын құрылғыны күдіктілердің ауыздарына салып, токқа қосқан, резеңкемен, жұдырықпен, таяқпен ұрып, үстеріне суық су құйған. Оларды 20 сағат бойы қозғалыссыз тұруға мәжбүрлеген. Егер біреу қозғалса, жазалап ұрып-соққан. Адамдар бірнеше күн ұйықтамаған. Бұл айғақтарға қол қоймас бұрын жасалған. Ал тұтқындар тіпті өздерінің неге қол қойғанын да білмеген. Қабырғалары сынған, өкшелері жарақаттанған, құлақ қалқандары жарылған бір адамға операция жасалған. Мидың шайқалуы барлығында дерлік тіркелген.

ҰҚК бұрынғы қызметкерлеріне ҚР Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша «Қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас, азаптау» бойынша айып тағылып, 22 сәуірде Ақмола гарнизоны әскери соты ҰҚК 5-департаменті 4-басқармасының подполковнигі Еркін Амановты 6,5 жылға, ҰҚК майоры Хамит Әбдуғани, капитан Қайрат Сартаев пен шекара қызметі күзеті тобының маманы Қуандық Мұхтархановты 5 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алдыңғы үшеуіне 3 жылға дейін органда қызмет етуге шектеу қойылса, Қуандық Мұхтархановқа өмір бойына мемлекеттік қызметте, қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Сотталушылар сот үкімі қолына тиген соң он бес күн ішінде апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндік алды. Сөйтті де. Бүгін Астана қаласындағы әскери сотта сотталушылардың адвокаттары жаза тым қатаң екенін алға тартып, жеңілдететін факторларды атап өтті. Адвокаттар сотталушылардың кінәсін мойындағанын, тергеу шараларына қолғабыс көрсеткендерін, шығындарды өтегенін, кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін алға тартты. Тіпті, жәбірленуші тараптың ешқандай кінә тақпайтынын жеткізді.

Айтпақшы, сотталушылардың адвокаттары арнайы дәліздің («спецродол») пандемия кезінде құрылған арнайы орын екенін жоққа шығарып отыр. Адвокаттардың пайымдауынша, ол жер күдіктілерді азаптау үшін арнайы құрылған. Арнайы дәліз Астананың Байқоңыр ауданындағы Алаш шоссесі 30/1 мекенжайындағы №64 мекеменің (тергеу изоляторы) 1-корпусының үшінші қабатында орналасқан. Ол ҰҚК және Астана қаласы прокуроры мен қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшыларымен бірге жасалған жоспарға сай іске асырылған.

Сот процесі ертең жалғасын табады.

 

Азаптау оқиғасы ҰҚК үкімді жеңілдету бұрынғы қызметкерлер

Тақырыпқа жаңалықтар