Қазақстан жаңалықтары4 сәуір 2024, 13:11

Батыс Қазақстан облысында 1 591 бас мал қырылған

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан қырылған мал саны 1500-ден асты. БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Бөрлі ауданында Ақсу, Кеңтүбек, Қарағанды, Пугачев, Қаратөбеде Қоржын, Шалғын, Теректіде Аңқаты, Подстепный және Сырымда Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті, Қособа ауылдарын су басуына байланысты малға да шығын келді, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Құтқару жұмыстары барысында 1 431 ірі қара (Ақжайық ауданында – 300, Теректі – 173, Сырым – 447, Бөрлі – 460, Орал қаласы – 51), 2 091 ұсақ мал (Теректі – 319, Сырым – 731, Бөрлі – 955, Орал қаласы – 86) және 33 бас жылқы (Бөрлі – 31, Теректі – 2) қауіпсіз жерлерге шығарылды. Аудандарда құрылған арнайы комиссиялар су тасқынынан өлген мал санын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала мәлімет бойынша облыста су тасқыны салдарынан 139 ірі қара, 39 жылқы, 1 413 қой-ешкі, барлығы 1 591 мал, 112 үй құсы шығынға ұшырады», - деп хабарлады ведомстводан.

Мамандардың сөзіне қарағанда, негізінен тұрғындардың жеке малдары өлген. БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Нұрқайыр Құсайыновтың айтуынша, су тасқынынан өлген жануарлар жөнінде құжаттар жергілікті әкімдіктерде жинақталады.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» № 1358 қаулысына сәйкес зардап шеккендерге келтірілген зиян жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көзделген бюджет қаражаты есебінен немесе ұйымдардың қаражаты, азаматтардың, қорлардың және қоғамдық бірлестіктердің ерікті жарналары, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен өтеледі», - деді Н. Құсайынов.

Аталған қаулыға сәйкес зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш береді. Зардап шеккеннің келтірілген зиянды өтеу туралы жеке жүгінуге мүмкіндігі болмаған жағдайда оның туыстары немесе өзге адамдар, сондай-ақ егер зардап шеккен адам кәмелеттік жасқа толмаған болса, оның заңды өкілдері сенімхат негізінде жүгіне алады. Бұл өтініш он бес жұмыс күні ішінде қаралады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде бағалаушының келтірілген нұқсанның мөлшерін бағалауын ұйымдастырады. Бұл ретте бағалау жүргізуді ұйымдастыруға байланысты шығыстар жергілікті атқарушы органға жүктеледі. Бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды. Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.

«Ең бастысы, зардап шеккен тұрғындар уақыт өткізбей жергілікті атқарушы органға өтінішін беруі керек», - деді Н. Құсайынов.

Қаулыдағы қағида талаптары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтеуге жататын мүлікке қолданылмайды.

БҚО қырылған мал Су тасқыны мәлімет

Тақырыпқа жаңалықтар