Депутат офшордағы 45 миллиардты елге қайтаруды талап етті
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек офшордағы қаражатты қайтару мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Капиталды қайтару мәселесіне тоқталғым келіп отыр. Заңның солқылдағын пайдаланып кейбір шенеуніктер мен олигархтар отыз жыл бойы капиталды офшорларға шығарып тұрды. Мендегі ақпарат бойынша қазір офшорлық аймақтарда 45 миллиардқа (АҚШ доллары) жуық елдің ақшасы жатыр. Tax Justice ұйымның ақпаратына қарағанда, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Бұл ретте, Үкімет осы 45 миллиардқа жуық офшорлардағы ақшаны қайтаруда қандай шара қолданып жатыр? Кейбір әлемде офшорлық аймақтар бар, яғни Кайман немесе Сейшел аралдарын атап өтуге болады. Мен база бойынша қарадым, олармен келісімшарт жасалмаған. Солармен келісімшарт қашан дайындалады?» - деді Б. Базарбек.
Өз кезегінде Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұл кешенді жұмыс аясында заңсыз шетке шығарылған, заңсыз иемденген қаражатты қайтару бағытында комиссия тиісті жұмысты атқарып жатқанын айтты.
«Бұл тұрғыда бірнеше адам осы реестрге енгізілді. Бас прокуратураның арнайы комитеті осы адамдарға қатысты тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Екіншіден, министрлік жұмысына тоқталсақ, бізде арнайы офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аимақтармен жүргізілген операциялар күмәнді саналады да, ол жерде тексеру барысында трансферлік баға белгілеу күшейтіледі. Сонымен қатар, белгілі бір конвенциялар бар. Жалпы, еліміздегі валюталық реттеу мен бақылау Ұлттық банктің құзыретінде. Былтыр өздеріңіздің қолдауларыңызбен заңға тиісті өзгерістер енгізіп, қазір Қаржы министрлігі осы валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қатысып отыр. Себебі Ұлттық банкте тек қана мониторинг жүргізілген. Негізгі тәуекелді айтып берейін. Мәселен, қандай да бір экспорттық-импорттық операция бойынша мәміле жасалатыны белгілі. Яғни қандай да бір мемлекеттен 100 млн долларға тиісті қондырғыны Қазақстан келіп қою керек болса, ақша жіберілгенімен, қондырғы жеткізілмей жатады. Бұл тұрғыда сондай жүздеген шарт жылдар бойы жатқан, қаражат кетсе де, бірақ қондырғы Қазақстанда қойылмаған. Осы мәселеге қатысты Ұлттық банктің құзыреті болмаған. Қазір Қаржы министрлігі жағынан шетке шығарылған қаражат бойынша сараптама жасап жатырмыз», - деді Е. Жамаубаев.
Қаржы министрлігі 500 млрд теңгеге жуық сомадағы келісімшарттар бойынша ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігіне тапсырғанын айтты.
«Осы бағытта қаншалықты қылмыс дерктерінің бар екенін анықтау керек. Қазір олар сол фактілермен айналысып жатыр. Атап айтқанда, осындай барлық деректі сараптаймыз. Бұған дейін заңға өзгеріс енгізілген болатын, кез келген 50 мың АҚШ долларынан асатын эквиваленттегі операциялар бойынша Ұлттық банк Қаржы министрлігіне тиісті ақпарат беріп отырады», - деді министр.