Депутат пранк жасайтындардың парақшасын бұғаттауды ұсынды
Депутат пранк жасайтындардың парақшасын бұғаттауды ұсынды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік желілерде қауіпті пранктердің кеңінен таралуына байланысты депутаттық сауал жолдап, өз ұсыныстарын айтты.
«Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр», - деген ол бірқатар нақты мысалдарды баяндады.
Депутат өз ұсынысында қоғамдық тәртіпті бұзып, жеке адамның өміріне қол сұққандардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажеттігін және әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керектігін айтты. Сондай-ақ, желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауы талап етілуін ұсынды.