Қазақстан жаңалықтары28 желтоқсан 2023, 10:00

Елімізде жас ғалымдардың жағдайы жасала бастады

Қазақстан жас ғалымдар үшін барынша қолайлы орта қалыптастыруға ұмтылуда. Ғалымдарға қолдау көрсету қажеттігі және елімізде ғылыми кадрлардың тапшылығы көптен бері және жүйелі түрде айтылып келеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Еnergyprom мониторинг ресурсы жария етті.

Мәселен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде Қазақстанның 30 мыңнан астам ғалымнан айрылуы — еліміздің ғылыми әлеуетіне ауыр соққы болған.

Жас ғалымдарды қолдау, оларды ел ішінде қалдыру мақсатында түрлі шаралар атқарылып жатыр. Сонымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов жаңартылған заң жобаларының арқасында қазақстандық ғалымдар үздіксіз, тұрақты жалақы алып, грантқа тәуелді болмайтынын айтты.

Сонымен қатар, «Отбасы банкі» арқылы жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ететін маңызды бағдарлама — жеңілдікпен несиелендіру қолға алынды.

Әлеуетті қарыз алушылардың тізімінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 53 ұйымның жас ғалымдары бар.

Бағдарлама жас ғалымдарға алғашқы пәтерін сатып алуға және сәйкесінше туған елінің игілігі үшін ғылыми зерттеуді жалғастырып, Қазақстанда қалуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама бойынша несиенің максималды сомасы — 20 млн теңге, несие мерзімі — 19 жылға дейін, мөлшерлемесі — бар болғаны жылына 5% (ЖТПМ — 5,2%-дан бастап).

Жас ғалымдар ең көп дегенде 20 млн теңге несие алса, алғашқы сегіз жылда ай сайынғы төлем мөлшері — 155 мың теңге, одан кейінгі жылдары 84 мың теңгеге дейін төмендейді.

Осылайша Отбасы банкі мен тиісті министрлік ғылыммен және зерттеумен айналысатын жастардың өмірін жайлы етіп, Қазақстанның академиялық ортасын жақсартуға ықпал етіп отыр.

Бағдарлама 1 желтоқсаннан бастап іске қосылды.

Алғашқы айда 16 ғалым 311 миллион 415 мың теңге несие алып үлгерді.

жас ғалымдар Отбасы банк ғалымдар жағдай

Тақырыпқа жаңалықтар