Қазақстан жаңалықтары15 желтоқсан 2023, 6:18

Ескерту: Үш мыңнан астам адамға айыппұл салынды

Биыл 3055 ата-анаға түнгі уақытта баласын қараусыз жібергені үшін айыппұл салынған, - деп хабарлайды Arbat.media.

ҚР Бас прокуратурасы ата-аналарға ескерту жасады.

Кәмелетке толмағандарға заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәмелетке толмаған балалар қоғамдық орындарда түнгі уақытта тек заңды өкілдермен бірге жүре алады. Он сегіз жасқа толмаған кез-келген балаға түнгі уақытта заңды өкілсіз үйден тыс жерде болуға тыйым салынады.

ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2023 жылы бұл 10 350 теңгені құрайды.

Биылғы 11 айда 3 055 тұлға 17 264 409 теңге сомасына айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды.

ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) - заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады. Осы норманы бұзғаны үшін 86-дан астам тұлғаға ескерту түріндегі жаза тағайындалған.

Сонымен қатар, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталап жасағаны үшін (ӘҚБтК 442-бабы 3-бөлігі) 2 768 тұлғаға 40 595 122 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл жеті айлық есептік көрсеткішті, яғни 24 150 теңгені құрайды.

Аймақ бойынша аталған санаттағы ең көп құқық бұзушылықтар:

Алматы қаласы - 7 135,

Жамбыл – 6 670,

Қызылорда – 6 196,

Маңғыстау – 6 117,

Түркістан – 5 889 облыстарында тіркелген.

«Құрметті ата-аналар, балаларыңызға заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіріп, еске салуды сұраймыз. Балаларыңызға қамқорлық жасаңыз!»,-делінген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті таратқан хабарламада.

Бас прокуратура ескерту Ата-ана Айыппұл

Тақырыпқа жаңалықтар