Грек-рим күресінен әлем чемпионына пәтер мен көлік кілті табысталды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали мен жеке бапкері Ғабиден Райымбекпен кездесті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Жиын барысында спортшыға көлік пен пәтер сыйға берілді. Ал бапкерге жаңа пәтердің кілті табысталды.
Айдос Сұлтанғали араға 26 жыл салып Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен Әлем чемпионатында топ жарды.
Грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын медалін елімізге соңғы рет 1999 жылы Грекияның Афины қаласында өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян (63 кг) алып келген.
Қызылорда облысының әкімдігі Айдос Сұлтанғалиға бұған дейін де мемлекет, облыс тарапынан қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
«Өткен жылы еліміздің, өңіріміздің жанашыр азаматы Бақдәулет Еркінбекұлының демеушілігімен автокөлік табысталған. Бұдан бөлек, ай сайын 1 млн теңге мемлекеттік стипендия беріледі. Бұл қолдау әрі қарай жалғасады», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.