Иппотерапия – ат үстінде қонған ем
Астана қаласындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде 1 сәуірден бастап иппотерапиямен емдеуге кезек алу онлайн платформада жүзеге асырыла бастады. Бұдан былай ата-аналар балаларын иппотерапия еміне әкелуде уақытын үнемдеп, цифрландыру бағдарламасының игілігін көрмек, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Иппотерапия емін алушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бас қаланың өзінде 7 мыңнан аса ерекше бала тіркеуде тұр. Олардың ішінде мыңға жуық баланың диагнозына сай иппотерапиямен емдеу қажет. Цифрландыру бағдарламасын іске қосу арқылы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мамандары иппотерапия емін алатын жандарға көрсетілер қызметті нығайтпақ. Азаматтар алдымен арнайы платформаға ерекше баланың жеке дерегін енгізіп, өтінішін жолдайды. Орталық қызметкерлері үш күн ішінде жауап қайтарады.
Кешенде жуас, мініске бейімделген 20-ға жуық ат бар. Әр келген баланы 20 минут сейілге шығарып иппотерапевт-реабилитолог мамандар тікелей қадағалап, жаттығу жүргізеді. Иппотерапиялық ем ат үстінде жүзеге асатындықтан алдымен сақтық талаптары қатаң сақталады. Церебралды сал ауруы, аутизм, тірек-қимыл аппараты зақымданған, бас-ми жарақатын алған жандарға арналған ем-домды жүргізуде иппотерапевт-реабилитолог мамандардың еңбегі ерен. Әр баланың айналасында екі-үштен бақылау жасап бірге жүреді.
Елімізде 2019 жылы ерекше жандарға лайықталып ат спортынан иппотерапия бірыңғай жүйесі әзірленді. Неврологиялық, өзге де ақаулығы бар балалар мен ересектердің еміне шипа дарыту бағытында жүзеге асырылып келеді.
Иппотерапия емін алушылар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніне аптасына екі мәрте қатынайды. Астана қаласының тұрғыны Кәмила Райымқұлова ұлының басына жасалған операциядан кейін аяғы жансызданып сал болып қалғанын, ем-дом алуда иппотерапияның көп пайдасы тигенін айтты.
Орталықтағы мамандар иппотерапияға мінілетін аттарды арнайы әзірлеп, алдымен жуасытып, мінез-құлқын бақылайды. Ерекше балалар мінетіндіктен үрікпейтін, ерсі мінез танытпайтын жуас болуы қатаң талап етіледі. Жемшөбін береді, күнделікті жаттығуға дайындайды.
«Иппотерапия емін алуға келген ерекше балаларды бірден атқа мінгізбейміз. Білікті реабилитолог дәрігер маман арнайы тексеруден өткізеді, медициналық диагнозын да саралайды», деді орталықтың иппотерапия емі бойынша нұсқаушысы Әмина Есина.
«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніндегі мініс аттарының өзіндік стандарты болады. Тым шоқтықты, есік пен төрдей аса ірі болмауы керек, арқалы арғымақ та иппотерапияға қолайлы емес. Ерекше балалардың тірек-қимыл аппаратын нығайтуға септесетін иппотерапия емін алушыларға арналған мініс аттары жаттығуға үйренген.