Кәмелетке толмаған қызды өгей әкесі зорлап келген
Кәмелетке толмаған қызды өгей әкесі зорлап келген. Бұл туралы зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздың өзі сынып жетекшісіне айтқан. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Павлодар облысындағы аудандардың бірінде өгей әкесі мектепте оқитын қызын зорлап келген, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Аудандардың бірінде 16 жасқа толмаған қыз бала өгей әкесі тарапынан жыныстық зорлыққа ұшырағаны туралы оқиға анықталды. Бұл жағдай сынып жетекшісінің арқасында белгілі болып отыр. Ол қызбен сөйлесіп отырып, біраз уақыттан бері өгей әкесі кәмелет жасына толмаған қызды зорлап келгенін анықтаған. Аталған қылмыстық дерек барлық өкілетті органдарға, соның ішінде маған хабарланды», - деп мәлімдеді өңірлік балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова.
Жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жасөспірім медициналық мекемеге жатқызылған, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Күдікті ұсталып, уақытша тергеу орнына қамалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша іс қозғалды.