Каспийдегі қайғылы оқиға туралы жалған ақпарат таратқан төрт қазақстандық жазаланды

Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайға қатысты әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат бойынша полиция бірнеше фактіні анықтады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Әлеуметтік желілерде әскери қызметшінің құтқарылғаны, оқиғаның мән-жайы жасырылып жатқаны және басқа да әскери қызметшілердің қаза болғаны туралы ақпарат тараған. Бұл мәліметтерді Қорғаныс министрлігі ресми түрде жоққа шығарды.

Құқық қорғау органдары жалған ақпарат таратқан төрт адамды анықтады. Екі әйел әскери қызметші туралы тексерілмеген ақпарат жариялаған. Ал Шымкент пен Көкшетау қаласының тағы екі тұрғыны қаза болған әскери қызметшілер туралы хабарламалар таратқан.

Олардың кейбірі ақпаратты туыстарынан алғанын, енді бірі әлеуметтік желілерден көшіріп жариялағанын мойындаған.

Сот төрт адамды да әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олардың әрқайсысына 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Маңғыстау Төтенше жағдай Қорғаныс минстрі әскерилер

Тақырыпқа жаңалықтар