«Келешек» бағдарламасы: шотқа жыл сайын мемлекеттік сыйақы түседі
«Келешек» бағдарламасы арқылы ашылған шоттарға алғашқы капиталды мемлекет құяды. Сондай-ақ жыл сайын мемлекеттік сыйақы түсіп тұрады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
«Келешек» бағдарламасы туралы заң қазір Парламенттің қарауында. Жылдың бірінші жартысында қабылданады деп жоспарлап отырмыз. Қысқаша айтып өтсем, ата-аналар әр баласына жеке шот ашады (ерікті түрде). Біз шотқа алғашқы капиталды құямыз (1 АЕК - 3450 теңге). Сонымен қатар қаражатты тездетіп жинау және оның көлемін арттыру үшін жыл сайынғы кепілдендірілген мемлекеттік сыйақы, екінші деңгейлі банктер мен өмірді сақтандыру компаниялардың барлық мүмкіндігі қарастырылады», - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің есептеуінше, ата-ана шотқа 3 450 теңгеден (1 АЕК) тұрақты ақша салып тұрса, баласы 16- 17- келгенде 3,5 – 4 млн теңге жиналады. Қосымша мемлекеттің көмегі бар.
«Жинақтау сомасы ата-ананың еркінде, қанша сома құятынын өзі біледі. Егер бала ақылы оқуға түссе жиналған қаржы біліміне төленеді, ал грантқа түссе, шоттағы ақшаны тұрғын үй алуға жұмсай алады. Ал көпбалалы отбасы болса шоттағы қаражатты іні-қарындасына бере алады», - дейді ведомство басшысы.