Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясындағы қызметін аяқтады
Ләззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы ретіндегі қызметін аяқтады, деп хабарлайды Arbat.Media.
«Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек - ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі», - деді Ләззат Танысбай
Л.Танысбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетіп,теле және радио арналарының рейтингі өсті, коммерциялық табысы 50%-ға артты.
Корпорация тарихи тұлғаларға арналған телехикаялар түсіруге ден қойды. А.Құнанбайұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, Д.Нұрпейісова, Әл-Фараби, Қорқыт және өзге де тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған 22 сериал түсірілді. Солардың бірі «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы өз алдына мәдени феноменге айналды. «Жабайы алма», «Он алты жасар чемпион», «Махаббат, қызық мол жылдар» әдеби туындылары экранизацияланды. Құсни-Қорлан әнінің шығу тарихы баяндалатын «Естай мен Қорлан» телехикаясы, 300-ге жуық деректі фильм түсірілді. Соның ішінде «Қазақ қызы», «Дәуір даналары», «Бірегей» деректі фильмдер топтамасы бар.