Қазақстан жаңалықтары15 ақпан 2024, 13:00

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі кітап шығару жұмысын күшейтуді қолға алды

Бұл ретте осы саладағы тың бастамалармен таныс­тыруды жөн көрдім, біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді, сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады, соған сәйкес кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері жарық көреді», деді министр әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде, - деп хабарлайды Arbat.media.

Өті­нім­дер жылына екі рет қабылданып, түс­кен құжаттарды тексеруге10 күн кетеді. Қоғамдық талқылауға 15 күн, арнайы құрылған тәуелсіз комиссияға 15 күн, сарапшылардың қорытындысын дайындауға екі ай беріледі.

«Әрине, осы уақыт ішінде оқырман­дардың пікірінен бөлек, отандық ғылыми зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерт­теулері, кітап дүкендерінің саты­лымға қатысты статистикалық мәлі­меттері, баспалардың басылым рейтинг-тізбесі назарға алынады. Осыдан кейін ғана өкілетті орган нақты шешім қабыл­дайды», деді Аида Балаева.

Екіншіден, егер бұрын қолжазбаға гонорар төленсе, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға грант берілмек. Яғни биылдан бастап қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына ең төменгі 6 жалақы мөлшерінде грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі. Грант министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен бекітіледі. Ал кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде болады. Егер ол кітап бір жыл ішінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы сатылымда жақсы көрсеткіштер болса, оның кезекті басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады.

Үшіншіден, аударма әдебиеті бойынша «Мәдениет туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілмек. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын әдебиеттердің электронды нұсқасы Ұлттық электронды кітапханада жарияланады. Бұл өз ке­зегінде электронды нұсқаларын жария­лаудағы авторлық құқықтық шектеулерге сәйкес, әлемдік танымал туындыларды басып шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Кітап басып шығаруға берілетін өтінімдер аясын кеңейту мақсатында бұл тармақшаны толығымен алып тастау ұсынылды.

Төртіншіден, бестселлерге айналған әлемдік әдебиеттің классикалық әрі заманауи туындыларын қазақ тіліне аудару қазір жеке баспалар арқылы реттеліп жатыр. Енді баспагерлер авторлық құқығын алып, қазақ тіліне аударған белгілі шетелдік туындыларды мемлекеттік тапсырыспен басып шығара алады.

Бесіншіден, жаңа ережеде сараптама комиссиясының әдебиеттерді оқып, қорытынды пікір жазу уақыты екі айға қысқарғандықтан, жұмыстың күрделілігіне қарай өтемақы көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылмақ.

Алтыншыдан, «Мәдениет туралы» заңда жазушының мәртебесін айқындау ұсынылды. Бұл заңның толық жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі кітап шығару аида балаева

Тақырыпқа жаңалықтар