Қазақстан жаңалықтары19 қараша 2023, 18:33

Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары әлеужеліде үндеу жариялады

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді — Нүкеновтар әулетінің атынан әлеуметтік желіде үндеу жариялады, - деп хабарлайды Arbat.media.
 
Айтбек Амангелді Салтанаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты көңіл білдірген барлық жанға шын жүректен алғысын айтып, Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды деген. Сонымен бірге жәбірленушінің туыстары өлтірушінің отбасымен татуласпағанын айтты.

"Марқұм қызымыздың топырағы суымай жатып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен өсектер тарай бастағаны жанымызға қатты батты. Кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшіпті. Осыған байланысты біздің әулетті қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздерде пайда болыпты. Бірақ бұл шыңдыққа сәйкес келмейді. Біз ешкімді кешірген жоқпыз".

Сондай-ақ қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел Президентіне ерекше алғысын айта келе, тергеу жүріп жатқаны және куәгерлердің сол қорқынышты түннің суретін дәлірек қалпына келтіруге көмектесетіні айтылған. 

"Бүгінгі күні тергеу органдары тарапынан қылмысты ашу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Президенттің пәрменімен бұл оқиға ерекше тергелетін іс болып тіркелді. Қазіргі уақытта сол түнгі қылмыстың қалай өрбігені бүге-шігесіне дейін нақтылануда. Біз осы қылмыстың куәгерлері бар және олар қылмысты ашуға көмектеседі деп сенеміз. Егер қандай да бір осы қылмыс туралы ақпараттар мен айғақтарды білсеңіз полицияға немесе біздің қорғаушыларымыз: И О. Вранчев және Ж.М. Оразбақоваға хабарласуыңызды сұраймыз".

Үндеудің соңында аталмыш қылмыстық іске қатысты маңызды ақпараты бар адамдар болса, олар жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін секемі болса, оларға заң жүзінде мемлекет тарапынан қорғау кепілдігі болатынын жазды.

Айта кетсек, кейбіреулер зорлық-зомбылықпен күрестің символы ретінде "Гастро-орталық" ғимаратын толық бұзып, сол жерге Салтанат Нүкенованың ескерткішін орнатуды ұсынып отыр.

Салтанат Нүкенова туыстар Үндеу әлеуметтік желі

Тақырыпқа жаңалықтар