Қазақстан жаңалықтары30 қаңтар 2024, 16:00

Оқушы қазасына кім кінәлі?

Жангелдин ауданының Ақкөл ауы­лын­дағы мектепте өткен жаңа жыл кеші 15 жас­тағы оқушының өлімімен аяқ­талды. Мерекелік кеште ауылға демалысқа келген колледж студенті мен 9-сынып оқушысының арасында туған кикілжің сырттағы төбелеске ұласқан. Оның арты белгілі – шалғай түпкірде жатқан аядай ғана ауылда бір әулет қара жамы­лып қалды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Облыстық полиция­ депар­та­ментінің ресми мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 106-бабы­ның 3-бөліміндегі «Жәбір­лену­шінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» қылмысы бойын­ша­ сотқа дейінгі тергеп-тексеру шара­лары жүріп жатыр. Бірақ марқұмның туыс­тары тер­геу барысы бұрмаланып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр. Өйткені 1 қаңтарда Арқалық қаласында мүрдеге жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әлі белгісіз. Оқу­шы­мен төбелескен студент те ауылда бостандықта жүр.

Облыстық ПД-ның мәлі­ме­тінше, екінші бала қылмыстық іске күдікті емес, куәгер ретінде тартылып отыр. Әуелде тергеуші оны ҚІЖК-нің 128-бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамауға алу туралы қаулы шығарыпты. Алайда кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу себебі анықталмағандықтан, ол қаулы аудан прокуроры тарапынан қолдау таппаған. Яғни колледж студентінің куәгер немесе күдікті екені сараптама қорытындысы шыққан соң ғана анықталмақ.

«Бұл істе күдікті жоқ, куә­гер ғана болғаны қалай? Кісі өлі­мі­не күдікті неге бостандықта жүреді? Мұны қалай түсіндік? Тергеушінің бастапқыда күдікті деп танылған баланы қамау туралы қаулысын прокурор неге бұзды? Сол төбелесті көргендер көп қой. Төбелескен екі баланың қасында бірге жүрген жолдастары болған. Олар бәрін көрген. Есінен танып жатқан баламызды көлікке салып алып, ауылдағы медицина қызметкеріне көрсетуге алып барған. Алайда одан қайран болмады. Жас өмір қас пен көздің арасында үзіліп кетті. Енді сараптама қорытындысы шықпады деп кісі өліміне күдіктінің бәрін куәгерге айналдырып еркіне қоя беруге бола ма? Бостандықта жүріп бой тасалауы, куәгерлерді қорқытып, алдап, арбап, бопсалап тергеудің бұрмалануына ықпал етуі мүмкін ғой. Бұл жағы неге еске­ріл­мейді? Әлде тергеу барысында бармақ басты, көз қыстыға жол беріліп отыр ма? Еріксіз көңіл­ге күмән ұялайды», дейді қаза тапқан жасөспірімнің туыс­тары.

Бұл енді мәселенің бір жағы ғана. Бәлкім, тергеуді ілгері өрбітудің заң белгілеген ішкі тәртібі осылай шығар. Бұл жердегі екінші мәселе мектептегі тәртіп пен тәрбиеге келіп тіреледі. Жаңа жыл мерекесін жалғыз Ақкөлдегі А.Қоңқабаев атындағы мектеп қана өткізген жоқ. Мәселен, жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанда Қостанайдағы мейрамхананың бәрі корпоративтік кештерден босамай қалды. Оған әртүрлі ұжымдар, әр жастағы ересектер келіп қатысады. Жасыратыны жоқ, мұндай кештер ішімдіксіз өтпейді. Есесіне, кеш басталатын кезде 2-3 полиция қызметкері келеді де, мейрамхана күзетшілерінің бөлмесіне кіріп, бейнебақылау экраны арқылы тәртіпті бақылап отырады. Қаладағы мейрамхананың бірінде әкімші болып жұмыс істеп жүрген азаматтың айтуын­ша, полицейлер бір мейрамхананың өзінде бірнеше төбелесті осылайша болдырмай қалған. Тәртіп сақшылары мұндай кештердің басы-қасында соңына дейін болып, қажет болған жағдайда кейбір қонақты әке-көке деп жүріп таксиіне отырғызып шыға­рып салып, жұрт түгел тараған соң ғана барып, басқа жұмыс­та­рын атқаруға кетіп отырған.

Ал Ақкөл мектебіндегі оқу­шы­лардың кешіне ауылдың учас­келік инспекторы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі, білім ордасының педагог-психологі қатысқан. Егер олар өз жұмыстарын жоғарыдағыдай атқарса, міндеттеріне салғырт қарамай, жаңа жыл кешіне жиналған көп баланың көңіл күйіндегі өзгерісті, сыбыр-күбір, у-шуды дер кезінде аңғарып, пәленің алдын алатын қандай да бір қауіпсіздік амалын жасағанда мұндай сұмдық жағдай болмас еді. Мұны марқұм болған баланың әкесі Жасұлан Құдабаев та айтып отыр.

«Мектеп басшылығы аудан­дық білім бөлімінен оқушы­лар­дың жаңажылдық кешін өткізу жөнінде рұқсат алған. Бірақ директор мен оның орынбасары, ауыл әкімі, жергілікті учаскелік инспектор ешқандай қауіпсіздік шарасын ұйымдастырмаған. Мұндай іс-шараларға жасөспірімдер қатыстырылса әкімшілік те, мектеп басындағылар да, учаскелік инспектор да сол жердегі тәртіпті қатаң бақылауға алу керек еді. Би кеші аяқталған соң, учаскелік инспектор мектептегі балаларды толық тарату керек еді. Қазір ауыл чаты деген бар ғой. Сол чатқа «Мерекелік іс-шара бітті. Оқушылар мектептен осындай уақытта кетті. Балаларыңыз үйлеріңізге жетті ме? Қадағалап, жауабын жазып жіберіңіздер. Күтемін» деп жазса болады ғой. Мұндай ештеңе айтылмаған. Әкім мен мектеп директоры жоқ. Кештен кейін учаскелік инспектор мен бір-екі мұғалім ғана қалған. Бірақ олардың балаларда жұмысы болмаған, өздері шай-пай ұйымдастырса керек. Қараусыз қалған балалар у-шу болып далаға шығып кеткен, олардың шыққанын мектеп күзетшісі де көрмеген. Ешкім байқамаған. Бала өліп жатқан кезде де музыка ойнап тұрған. Мұндай бассыздыққа жол берген адамдарды жауапкершілікке тарту керек», дейді ашынған әке.

Облыстық білім басқар­ма­сы­на хабарласып едік, «2023 жылдың 31 желтоқсанында Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында Астана қаласындағы Халықаралық университетке қарасты педагогика колледжінің 2-курс студенті мен А.Қоңқабаев атындағы мектептің 9-сынып оқушысы төбелескен. Төбелестен кейін 9-сынып оқушысы қаза болды. Ол дәрігерлік есепте тұрған. Жангелдин аудандық білім бөлімінің басшысы М.Зайнуллин А.Қоңқабаев атындағы мектепке барып, мән-жайды анықтады және мектептегі тәрбие жұмысын тексерді. Оқушылар мен ата-аналарға арналған құқық бұзу­шылықтың алдын алу жөніндегі жиналыстар мен тренингтер тұрақты өтіп тұрады. 2023 жылдың 22 желтоқсанында полиция майоры Б.Нұрғазин 7-11-сынып оқушыларымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде әңгіме өткізген. 2023 жылы 12 қаңтарда мектеп директорларының басын қосып, жиналыс өткіздік. Мектептегі тәрбие жұмысын нығайту туралы ұсыныстар айтылды. Кейінгі бес жыл ішінде Ақкөлдегі мектепте ешқандай қылмыс тіркелмеген», деген мазмұндағы жауап алдық.

Басқарманың бұл жауабын қайта оқып шығып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарына үңілуден гөрі, жауапкершіліктен қашқақтауға ұқсайтын емеурінді аңғардық. Қаза тапқан оқушының әкесі де: «Бала дәрігердің есебінде тұрған» деген не сөз? Оның бұл оқиғаға қандай қатысы бар? Әлде көпшілікке ол төбелестен емес, өз ажалынан өлді деген ойды сіңіргісі келе ме?» деп отыр.

Жангелдин аудандық білім беру бөлімі басшысының мін­де­тін атқарушы Абай Қасым­ның мәліметінше, Ақкөл мекте­бінде барлық қауіпсіздік талап­тары сақ­талған. 23 бей­не­­­бақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Сыртта жетеу, іште 16 камера орнатылған. Жаңа жыл кешіне жауаптылардың бәрі мектепте болған. Мерекелік іс-шара аяқталар сәтте оқушылар мектеп ауласының сыртына шығып, жергілікті кәсіпкердің иелігіндегі бос тұрған ғимараттың артына өткен. Төбелес сол маңайда болған.

Білім бөлімі басшысының қисынына салсақ, қайғылы оқиға мектеп ғимаратында немесе мектеп ауласында болмаған. Сондай-ақ оқушымен төбелескен баланың А.Қоңқа­баев­ мектебіне еш қатысы жоқ. Ол – колледж студенті. Сондықтан мерекелік кешті ұйым­дастырушылардың ешқайсысы тәртіптік немесе әкімшілік жауапқа тартылмайды.

«Бөлім басшысы айтып отырған сөздің ұзын-ырғасы «Мектепте тәртіп тастай, тәрбие жұмысында ақау жоқ» дегенге сая­ды. Оқушылар мен ата-аналар арасында тәртіп, тәрбиеге байланысты жұмыстар үнемі жүргізіліп отырған. Қысқасы еш кемшілік жоқ. Бірақ көкейде жауапсыз бір сұрақ тұр. Егер тәрбие, тәртібінде еш ақау болмаса, балалар бір-бірін өлтіргенше неге төбелесті? Жанжал неге сонша ушықты? Еш кемшілігі жоқ мектептен алған тәрбиесі қайда қалды? Екінші курста оқитын студент те осы мектептің түлегі ғой. Тәртіп, тәрбиеге байланысты атқарылған істердің нәтижесі болмаса, ол істің құны көк тиын емес пе? Жалпы, мектептерде жақ-жақ болып төбелесу, әлділердің әлсіздерге әлімжеттік жасауы, ұрып-соғуы, адамдық ар-намысын таптап, қорлауы, буллинг жасауы бар. Оны әлеуметтік желіден, ақпарат құралдарынан бәріміз естіп, көріп жүрміз. Бәленің бәрі осылай жауырды жаба тоқудан, жауаптылардың жауапкершілікті сезінуден бұрын өз басын арашалап қалуға тырысуынан басталады. Олар мәселені көргісі, білгісі келмейді. Тіпті адам өліп жатса да. Аядай ауылдағы мына жағдай мұны бізге анық көрсетіп отыр», дейді қаза тапқан оқушының туыстары.

Қостанай облысы Ақкөл Оқушы өлімі

Тақырыпқа жаңалықтар