Қазақстан жаңалықтары10 желтоқсан 2023, 10:45

Оқушы смартфонымен күн энергиясын бақылап жүр

Ақтөбе оқушысы Аманбек Ануарбекұлы күн энергиясын смартфонмен бақылау әдісін ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Біз қолда бар материалдардан күн батареясын қолдан жасадық. Күн батареяларының маңызын біле отырып, оны смартфонмен бақылап және қалай электр энергиясына айналып жатқанын дәлелдедік. Алынған батареяның жұмысын тексеру және ток пен кернеуді анықтау үшін мультиметрді, миллиамперметрді қолданамыз. Ток күші — 0,1А, кернеуі — 2,05В болды. Өнімділікті тексеру күн сәулесі болған кезде немесе қыздыру шамы астында жүргізілуі керек», — дейді Аманбек.

Ай сайынғы орташа тұтынуы 200 кВт болатын жеке үйді электрмен жабдықтау үшін әрқайсысының қуаты 100 Вт/сағ болатын 12 панель керек, оның қызмет ету мерзімі — 20 жыл.

«Ол үшін ауылымдағы шуақты күндердің санын шығарып, бұл деректерді күн сағаттарының санына аударып, осы процесте өндіруге болатын энергия көлемін есептедім. Күн батареяларын пайдалану күн белсенділігі өте жоғары жерлерде орынды. Бұл қыста күн қысқа болатын солтүстік ендіктерге тән, бірақ жарық жеткілікті болса, онда жылу шығынын едәуір азайтуға болады. Олардың басты артықшылығы — әртүрлі жағдайларда: жеке үй, санаторий, пәтер, мобильді ғимараттар және басқалар үшін пайдалану мүмкіндігі. Сонымен қатар, бүгінгі күні тиімділік — шамамен 40 пайыз, алайда максималды нәтижеге жету үшін тиісті жағдай қажет», — дейді оқушы.

Зерттеуді жүргізуге Аманбекке жетекшілері Арнұр Хупыр мен Гулсим Бекбатырова қолдау көрсеткен.

Жас зерттеуші алдағы уақытта тұрмыстық жағдайда күн батареясын жинауға арналған зерттеуін кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр. 

Ақтөбе күн энергиясы Аманбек Ануарбекұлы

Тақырыпқа жаңалықтар