Өскемен қаласында қаржы пирамидасының қызметін жарнамалаған әйел анықталды
Өскемен қаласында қаржы пирамидасының қызметін жарнамалаған әйел әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Сот анықтағандай, 2024 жылдың сәуір айында С. есімді әйел әлеуметтік желіде LiveGood компаниясына қатысты бейнематериалдар жариялап, кеңсесінде кездесулер өткізіп, жаңа мүшелерді тартқан. Сондай-ақ ол мессенджердегі чаттарда компания туралы фото және видео материалдар таратып, халықты онлайн-презентацияларға шақырған, — делінген ақпаратта.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ол компанияны қаржы пирамидасы деп тану туралы ресми сот шешімі жоқ екенін алға тартқан.
Алайда сот шешімімен ол кінәлі деп танылды. Бұрын оның құқық бұзушылық жасамағаны негізінде 30 пайыз жеңілдік жасалып, оған 412 860 теңге көлемінде айыппұл салынған. Және айыпталушыға үш айға дейін желіге материалдар салуға шектеу қойылды.