Пара алған полицейдің үкімі өзгеріп сот залында қамауға алынды
БҚО-да пара алған бұрынғы полиция қызметкері Саяхат Тастілеуовке шыққан үкім өзгертілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Орал сотында Нұрлан Бердіғалиев, Ринат Туксумбаев, Саяхат Тастілеуов, Асыланбек Ғалиев, Александр Калиничев, Болат Нығметов, Диас Сейтқалиев, Ноян Халеловқа үкім шыққан. Арасында пара берді деп айыпталған Р.Туксумбаев 7 жылға сотталса, қалған пара алушы полиция және көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлеріне айыппұл салынған. Мұнымен келіспеген Р.Туксумбаев пен оның адвокаттары облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді.
Прокуратура да барлық пара алушылардың үкімінің күшін жойып, олардың жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру жөнінде өтініш жасалды. БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы аталмыш іс бойынша шешім қабылдады.
Орал сотының 9 қазандағы үкімінің Саяхат Тастілеуовке қатысты жаза бөлігі өзгертілді. Оған ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған С. Тастілеуов сот залында тұтқындалды.
Қылмыс жасағанға дейін басшылық қызмет атқарған С. Тастілеуов бұған дейін полиция майоры шенімен де қош айтысқан. Қалған сотталушыларға шыққан үкім өзгеріссіз қалды.