Петропавлда қарғын су үйлерге кіре бастады
Петропавлда қардың күрт еруінен қарғын су жеке тұрғын үйлерге кіріп жатыр. Өткен тәулікте облыс орталығының 109 – бірыңғай байланыс орталығына көмек сұраған 119 хабарлама түскен, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Үйлеріне су кірген тұрғындар бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Мәселен Петропавлдағы Перминов көшесіндегі үйге су екі сағат ішінде кірген.
Пугачев көшесіндегі үй тұрғындары су сорғыш машинаны 5 сағаттан бері күтіп, көмек болмағандықтан амалсыз әлеуметтік желіге салған.
91 жастағы еңбек ардагері де үйінде резеңке етік киюге мәжбүр. Мұндай бейнежазбалар көп.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте қарғын су 1-5 см шамасында 10 үйге кірген. Су сорғызу жұмыстарына ведомствоның жеке құрамынан 40 адам және 10 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1 мың 223 текше метр су шығарылды.
«Өткен тәулікте жалпы облыс бойынша 22 мың текше метрге жуық су арнайы техникамен сорылды. Қыс басталғалы СҚО елді мекендерінен 1 млн 885 мың текше метр қар шығарылды. Бұл өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 3 есе көп», - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше күндіз және бүгін түнде бірыңғай байланыс орталығына 119 хабарлама түскен. Соның 12-сінде тұрғындар үйлеріне су кіргенін айтқан.
Петропавлда қарғын сумен күреске 105 адам, 60 арнайы техника және 40 мотопомпа тартылды.