Қанша градус аязда жұмысқа бармауға болады?
Сарышұнақ аяз сақылдап тұрғанда «мұндай жағдайда жұмысқа бармауға бола ма?» деген сауал туындайды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мұндай тәртіп ҚР Еңбек кодексінің 82-бабымен реттелетінін айтты.
Еңбек кодексінің 82-бабы «Ауысымішілік және арнайы үзілістер» деп аталады. Десе де аталған бапта ыстық не суық мезгілде ашық ауада, кеңседе істейтін қызметкерлердің қанша градус аязда жұмысқа шықпауы жөнінде нақты ақпарат көрсетілмеген.
«Жылдың суық немесе ыстық мезгілінде ашық ауада, жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін жұмыскерлерге жылыну не салқындау және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнайы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші жұмыскерлердің жылынуына, салқындауына және тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге міндетті», деп жазылған.
Еліміздің еңбек заңнамасында қыс мезгіліндегі аязды ауа райына байланысты қандай жағдайларда жұмыс тоқтатылатыны туралы тікелей нұсқаулық жоқ.
«Жұмыс беруші өз қызметкерлерін жылытуға, салқындатуға және демалуға арналған бөлмемен қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ күн тәртібінің ережелерінде ауа райына байланысты жұмыс күнін және оның ұзақтығын қысқартуды қарастыруға болады. Мұны жұмыс берушінің өзі жасайды».
Қыстағы қолайсыз ауа райы, боран мен тұман негізінен сыртта жұмыс істейтін жұмысшылардың ісіне көп кедергі. Әсіресе, құрылыста істейтін альпинистер мен кран тізгініндегі жұмысшылардың қызметі ауа райына байланысты қатаң қадағаланады. Техникалық регламентке сай жел жылдамдығына байланысты аталған екі маман иелерінің жұмысын жиі тоқтатуға тура келеді.