Қарағанды облысындағы жарылыс: Үйінді астынан 2 адамның мәйіті табылды
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында екі қабатты үйде жарылыс болды. Құтқару жұмыстары толығымен аяқталды. Үйінді астынан 2 адамның мәйіті мен жарақат алған 5 адам шығарылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Оқиға туралы Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов Instagram парақшасында жазды.
Жарылыс 30 қаңтар сағат 00:07-де Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылында, Әуезов, 8а мекенжайындағы екі қабатты үйде болды. Алдын ала болжам бойынша 12 пәтерлі тұрғын үйдің №10 пәтерінде тұрмыстық газ баллоны жарылған.
Жарылыс салдарынан пәтердің шатыры, оның қабырғалары мен жабындылары толық опырылып түскен. Бірінші қабатта орналасқан жалпы ауданы 300 шаршы № 7 пәтерге де қатты зақым тиіп, оның қабырғалары да құлаған. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде бірінші қабаттағы № 5, 6, 8, екінші қабаттағы № 11, 12 пәтерлер жартылай зақымданған. Үйде барлығы 46 адам тұрады, жарылыс кезінде үйде 35 адам болған.
«Сағат 00:11-ден бастап 03:37-ден құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан 1973 жылғы ер адам мен 1974 жылғы әйел адамның мәйіті табылды. Түрлі дене жарақатымен Бұқар жырау аудандық ауруханасына 3 бала жеткізілді», деді М.Қатпанов.
Аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Данияр Қожабаевтың сөзінше, бір баланың денесін 80 пайыз күйік шалған. Бір бала Қарағандыдағы ауруханаға жөнелтілген.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жұмысқа 139 адам мен 32 техника жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары толығымен аяқталды. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде 8-7212-517223 сенім телефоны ашылып, 25 азаматқа жедел психологиялық көмек көрсетілді.