Қазақстан жаңалықтары26 желтоқсан 2023, 9:00

Қазақстан әлемнің қай елдерімен тығыз қарым-қатынаста

Қазақстан әлем бойынша негізгі серіктестермен тығыз және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытын жалғастыруда. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жылдың қорытынды брифингінде баяндады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Прагматикалық тұрғыдан сыртқы саясаттың түркі векторы іске асырылуда. Қазақстан, Түркия және Әзербайжан басшыларының мазмұнды байланыстары қарым-қатынастарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығаруға және Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтуға мүмкіндік берді. Астанада «ТURKTIME!» ұранымен өткен 10-шы саммиттегі біздің төрағалығымыз түркі әлемінде ғана емес, бүкіл әлемде кең резонанс тудырды», - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропаның жетекші елдерінің басшыларымен және ЕО-ның жоғары лауазымды тұлғаларымен байланыстары еуропалық серіктестермен қарым-қатынасқа жаңа серпін беріп, сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.

«ГФР, Франция президенттерінің, Мажарстан және Чехия премьер-министрлерінің, Албания президентінің, Ұлыбритания, Италия, Люксембург және Швейцария сыртқы істер министрлерінің ҚР-ға сапарлары ерекше болды. Жалпы, Еуропа үшін Қазақстан барған сайын маңызды сауда-экономикалық әріптеске және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кепілгерлердің біріне айналуда. Мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет ҚР Сыртқы істер министрінің Румынияға, Сербияға және Солтүстік Македонияға ресми сапарлары өтті. Ол сондай-ақ Бельгияға, Мажарстанға, Люксембургке барып, халықаралық алаңдарда Эстония, Польша, Чехия және Албаниядағы әріптестерімен кездесті», - деді ҚР СІМ өкілі.

Қазақстан Ресеймен прагматикалық көпжақты ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары және РФ Президенті Владимир Путиннің Астанаға сапарында келіссөздер нәтижелі болды, бұл ретте Қостанайда өткен Өңіраралық форум сауда-экономикалық ынтымақтастыққа маңызды серпін берді.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ресейге ресми сапарында Сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Қазақстан-Ресей бірлескен демаркациялық комиссиясының 10-шы отырысы өтті.
Ал М. Нұртілеудің Беларуське ресми сапарында қазақ-беларус қатынастарының стратегиялық деңгейі расталды. Оңтүстік Кавказ елдерімен өзара іс-қимыл теңгерімі мақсатында Әзербайжан және Армения сыртқы істер министрлерімен кездесулер өткізілді.

«Қытаймен де «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік» дәйекті түрде нығайтылуда. ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары, «Бір белдеу, бір жол» үшінші форумына қатысу, ҚХР басшылығымен тұрақты байланыстар Бейжіңмен ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты. Дипломаттардың қолдауымен алғаш рет Қазақстан мен ҚХР өңірлері, әсіресе Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданымен қарқынды ынтымақтастық белгіленді. Екі мемлекет азаматтары үшін визасыз режим туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді, Сиань қаласында ҚР Бас консулдығы ашылды. Пандемияға байланысты 3 жылдық үзілістен кейін шекара сызығын бірлесіп тексеру бойынша келіссөздер қайта басталды», - деп түсіндірді ресми өкіл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Джо Байденмен сенімді келіссөздері және ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен диалогы стратегиялық әріптестіктің жаңа мазмұнды тұстарын белгілеуге мүмкіндік берді.

«Қазақстан Президентінің БАӘ, Сауд Арабиясы, Вьетнам басшыларымен сапарлары мен келіссөздері, Сингапур Президенті, Катар Әмірі және Того Президентінің Астанаға сапарлары Жаһандық Оңтүстік елдерінде Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуге ықпал етті. Қазақстанның «Жаһандық Оңтүстік дауысы» виртуалды саммитіне қатысуы және Президент айтқан месседждер көшбасшылардың оң пікірін тудырды», - дейді спикер.

ҚР Сыртқы істер министрінің Үндістанға сапарында Қазақстанның сауда, инвестициялар, көлік және транзит саласындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілігі көрінді

Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрімен келіссөздер барысында өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланып, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазақстан бұдан былай да БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын ұдайы сақтауды жақтайды. Мемлекет басшысы айтқандай, халықаралық турбуленттілік жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатты ұстанады», - деді Айбек Смадияров.

Қазақстан Әлем елдер арым-қатынас

Тақырыпқа жаңалықтар