Қазақстан жаңалықтары8 ақпан 2024, 15:29

Қазселденқорғау» мекемесі Алматыдағы лай көшкінінің басты себебін атады

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекеме мамандары Алматыдағы көшкіннің басты себебін анықтады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«8 ақпан түнгі сағат 02:20-да тау баурайының орта бөлігіне тартылған суық су құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданған. Кейін Алматы қаласы, Медеу ауданындағы Олимпийская көшесінде орналасқан «Тау-Самалы» ықшамауданындағы №3А және №3 жеке тұрғын үйлерді лай көшкіні басып қалды», - деп хабарлады «Қазселденқорғау» ММ баспасөз қызметінен.

Мемлекеттік мекеме мамандарының мәліметінше, түскен жылжыманың көлемі - 3 200 текше метр. Бұл аймақтағы еңістің тіктігі шамамен - 45-50 градус.

Естеріңізге сала кетейік, 8 ақпанда Медеу ауданының «Тау Самалы» шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болды.

Кейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан төрт адамның денесін тапты. Олардың барлығы бір отбасының мүшесі - 1984 жылы туған ер адам, 1980 жылы туған әйел және 2007 жылғы егіз жасөспірім ұл балалар.

Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары марқұмдардың туыстары мен көршілеріне жедел психологиялық көмек көрсетіп жатыр.

Алматы лай көшкіні себептер ТЖД

Тақырыпқа жаңалықтар