Республикалық 3 қала мен 12 облыс жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырады
2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні республикалық 3 қала мен 12 облыс аумағында жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа ауыстырылады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл жайында ашық НҚА-да жарияланған Үкімет қаулысының жобасында айтылған.
Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу Қазақстан Республикасының уақыт пен жиілік мемлекеттік алғашқы эталоны ұдайы жүргізетін, сақтайтын әрі беретін сағаттық белдеулердің халықаралық жүйесі бойынша жүргізілетіндігі, еліміздің бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылатындығы айтылған.
«Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 01 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырсын», - делінген қаулы жобасында.
Қазақстан Республикасында екі уақыт белдеуі (UTC+5, UTC+6) қолданылады. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары – 4-ші сағаттық белдеуінде (UTC+4+1). Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-ші сағаттық белдеуіне (UTC+5+1) жатады.
Бұл ретте, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы азаматтарының едәуір бөлігі (Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының, Астана және Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары) өзінің географиялық уақытынан озып – UTC+6 әкімшілік уақыт белдеуі бойынша өмір сүреді. Аумақтық көрсетілген аймақтар UTC + 5 уақыт белдеуінде орналасқан.