Соғыстан кейінгі қуғын-сүргін қанша қазақстандықты шарпыды
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаудың тұтқынына түскен қазақстандықтардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз екенін айтады. Қолда бар деректерді нақтылап толықтыру үшін біздің ғалымдар Ресейдің Подолськ қаласындағы әскери архивіне кіріп, жұмыс істеуі керек. Оның айтуынша, қазақстандық әскери тұтқындардың қылмыстық ісін қараған 600 трибунал материалы Ташкентте сақтаулы. Оны да құпиясыздандыру мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Қазақстаннан соғысқа адам тарту қатты жүрді
«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен совет одағы азаматтарының саны – бүгінге дейін ең бір құпия сақталып келе жатқан мәселенің бірі. Ол ғана емес, тіпті соғыста қаза тапқандардың саны да нақты емес. Кезінде И. Сталин 6 млн деген сан айтты, Н. Хрущев 12 млн деді, Л. Брежнев бұл санды 20 миллионға дейін көтерді. Қайта құру кезеңінде Александр Яковлев деген саясаткердің бастамасы бойынша совет одағының Қорғаныс министрлігі 28 млн 600 мың совет адамының соғыста өлгенін жариялады. Осының өзі совет одағындағы басшылардың соғыс құрбандарына, отанның қорғаушыларына деген ниет-пиғылы қандай болғанын көрсетеді», - дейді зерттеуші.
Тарихи деректерде соғыстың алғашқы 5 айында ғана 4 миллионға жуық совет сарбазының жау тұтқынына түскені айтылады. Сабыр Қасымов мұның себебі жоғарғы қолбасшылардың қамсыздығында болды дейді.
«Екінші дүниежүзілік соғыстың әскери тұтқындары туралы архивтің бәрі құпияландырылған. Объективті зерттеуге берілмейді. Қазір шетелдік зерттеушілер де, Ресейдің өз зерттеушілері де совет басшыларының Германия өздеріне шабуылдайды деген қауіпке сенбеуі азаматтарға зиян келтіргенін айтады. Ол туралы дерек те, зерттеу де өте көп. Соғыстың алғашқы айларында Германия тұтқынына өте көп әскер түскен. Германия әскерінің жылдам алға жылжығаны соншалық кейбір совет сарбаздары жау басып алған аумақта жүргендерін де ұқпай қалған. Тек алғашқы 5 айда тұтқынға 3 млн 900 мың совет әскері түскен. Украина мен Беларусь түгелдей Германияның басқыншылығында қалды деуге болады», - деді ол.
Ғалым Қазақстан осы соғысқа өз азаматтарын ең көп жолдаған елдің бірі болғанын айтады.
«Совет одағындағы соғысқа жұмылдыру дәрежесі өте үлкен болды. Оның ішінде Қазақстаннан соғысқа адам тарту қатты жүрді. Қазақстандағы 18-50 жас аралығындағы ер азаматтардың 70 пайызы соғысқа тартылды. Бұл одақтас елдердің ішіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі еді.
Салыстырып қарасақ, Қазақстандағы мобилизацияның ауқымы Германиядағыдан екі есе артық болды. Ал Германия екі фронтта соғыс жүргізгенін білесіз. Германия өз халқының 12 пайызын соғысқа жұмылдырса, Қазақстан 24 пайызын тартты.
Ресми дерек бойынша, 1 млн 200 мың қазақстандық соғысқа шақырту алған. Ал соғыс басталған кезде қызыл армия қатарында әскери борышын өтеп жүрген 178 мың қазақстандық бар еді. Соны қосқанда 1 млн 378 мың адам болады», - дейді «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті.
1,3 млн сарбаздың нешеуі тұтқында болды?
«Біздің ғалымдардың пайымдауынша, Қазақстаннан соғысқа барған әр бесінші адам тұтқынға түскен. Оны Ресей мен өзге елдердегі деректер де растайды. Осы өз ғалымдарымыздың әдістемесі бойынша 255 мың қазақстандықтың Германия басып алған аумақтарда тұтқында болғаны есептелді», - деді зерттеуші.
Бірақ бұл санды нақты деп айтуға Ресей архивтеріндегі қара құлып кедергі келтіріп отырған көрінеді.
«Ресей Федерациясының Подольск қаласында негізгі әскери архив бар. Оның есігі әзірге жабық. Сондықтан тұтқында болған қазақстандықтардың саны туралы пайымдар әр түрлі. Бір топ ғалым 128 мың қазақстандық тұтқында болды дейді. Тағы бір топ 62 мың адам дейді. Осылардың 36 мыңы қайтып келгені туралы нақты дерек бар.
Соғыстан алынған трофейлік материалдарды ғалымдар бір-бірлеп санап отырып осындай сан шығарған. Осы 36 мыңнан басқасы тұтқында жүріп өлді, атылды. Кейбірі сол жақта қалып қойған деген сөз.
Кейбір деректерде 23 мың совет адамының тұтқыннан қайтарылғаны айтылады. Қалғанының тағдыры белгісіз. Ал Жапония, Польша сияқты елдер тұтқында қалған жауынгерлерін тауып, гүл қойып жатады. Тіпті ұрпақтарына көмектеседі. Ал біз ол түгіл соғыста тұтқында болғандардың жалпы санын да нақтылай алмай отырмыз. Өйткені неше түрлі сан айтылады. Ғалымдарды да қинай-қинай болдық. Олар архивке кіре алмағандықтан нақты кесіп айта алмайды. Әркім өз әдістемесі бойынша қорытынды берумен шектеледі», - дейді Сабыр Қасымов.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі тұтқыннан оралған сарбаздардың тағдырын «Бізде тұтқын жоқ, бізде сатқындар ғана бар» деген атышулы бірауыз сөз шешкенін айтады.
«Тұтқыннан аман келгендердің бәрі жауапқа тартылғанын білесіздер. И. Сталиннің «У нас нет военнопленных, у нас есть только пердатели» деген сөзі талайдың тағдырын ойран қылды.
Германия совет жеріне 1941 жылдың 22 шілдесінде басып кірді ғой. Содан бір апта өткенде, 28 шілде күні НКВД мен прокуратура И. Сталиннің нұсқауы бойынша отанын сатқандар мен олардың отбасы мүшелерін жауапқа тарту тәртібі туралы бірлескен бұйрық қабылдады. Басшылықтың қамсыздығынан, ешқандай оқу-жаттығусыз барғанның кесірінен тұтқынға түскен жас жігіттерді, солардың отбасын нақақ жазалады.
Совет одағы әскери тұтқындарды қорғау туралы Женева конвенциясына қол қоюдан бас тартты.
Олардың тұтқында да қатты азап көруінің бір себебі осында. Басқа елдер конвенцияға қол қойғандықтан азаптаудан қорғалды. Тағы бір деректерде 128 мың тұтқынның 47 мыңы тірі қалып, 23 мыңы қайтып келгені айтылады. Сонда 80 мыңнан астам қазақстандық тұтқыннан оралмай қалған.
1995 жылы Ресейдің сол кездегі Президенті Б. Ельцин Жарлық шығарып, соғыс кезінде әскери тұтқында болған ресейліктердің бәрін ақтап жіберді. Ол Жарлық Ресей аумағынан аттанған майдангерлерге ғана қолданылды. Ал бізден барып тұтқынға түскендердің дерегі әлі құпия күйінде қалып отыр. 2000 жылдардан бастап Ресей архивті қайтадан біртіндеп жаба берді. Қазір жекелеген адамдардың құжатын түрлі тәсілмен тауып, ақтатып жатқандар бар. Бірақ жаппай ақтау мүмкін болмай тұр», - дейді зертетуші.
Түркістан легионы
Сабыр Қасымов Түркістан легионы мен Түркістан комитетін бір орган деп қабылдаудың кесірінен талай қазақстандықтың нақақ сотталып атылғанын айтады. Бірақ зерттеуші нақты сандарды айтпады. Зерттеуші қазіргідей геосаяси жағдайда ондай мәліметтерді жария етудің қажеті де жоқ деп есептейді.
«Түркістан легионында болғандарды сұрап отырсыз ғой, көршілер оның бәрін фашист болғандай қабылдайды. Олардың нақты санын сізге айта алмаймын. Ішінде шынымен де «СС»-ке, гестапоға қызмет етіп, совет әскерін атқаны дәлелденгендер бар. Оларды ақтайық деп отырған ешкім жоқ. Бірақ қалғандарын ақтауға болады ғой.
Соғыстан кейін қуғын-сүргінге ұшырағандарды түрлі санатқа бөлгенбіз. Түркістан легионынан бөлек Түркістан комитеті болған. Ақын-жазушылар мен музыканттар, зиялы қауым өкілдері сол комитетке алынып, газет шығарған, қарусыз майданға жұмылдырылған. Мысалы, сол комитетте болған татар ақыны Мұса Жәлел қазір ұлт батыры. Ал біздің зиялылар Түркістан комитетінен елге қайтқанда легион құрамында болды деген желеумен ату жазасына, 10 немесе 20 жыл жылға кескен. «49»-дің ісі деген болған. 49 тұтқынды бір жолда соттап жіберген.
Ташкентте әскери тұтқындармен байланысты 600 қылмыстық іс қалған. Оның да деректерін құпиясыздандыру керек. Ол кезде Орат Азия әскери округі Ташкентте болды. Сондықтан әскери тұтқындардың кейбір ісі сонда сақталған», - деп түйіндеді ол.