Қазақстан жаңалықтары27 желтоқсан 2023, 15:12

Табиғи шыршалар денсаулыққа қауіп тудыруы мүмкін - ғалымдар

АҚШ ұлттық стандарттар және технологиялар институтының ғалымдары бөлмедегі шыршалардың қандай химиялық заттар бөлетінін айтып берді. Зерттеу ScienceDirect журналында жарияланған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сарапшылар арнайы эксперимент жүргізген. Олар мерекелік ағашты кесіп, жабық камераға орналастырған. Содан кейін 17 күн бойы бөлмедегі ауа сапасын бақылап отырған. Шыршаны күнде суарып, гирляндалармен және ойыншықтармен безендіріп, шамдарды қосып, сөндіріп отырған.

Эксперимент соңында шыршадан монотерпендер бөлінгені анықталды. Монотерпендер - ағашты суықтан және зақымданудан қорғайтын ерекше зат. Ол қылқан жапырақты ағаштарға, шыршаларға, қарағайларға ерекше иіс беріп тұрады.

Бөлмедегі монотерпендердің концентрациясы алғашқы үш күн тым жоғары болған. Кейінірек атмосферада мұндай қосылыстар 10 есе азайған. Осы себепті шыршаны үйге жаңадан әкелгенде одан өткір иіс шығып тұрады.  Бірнеше күннен кейін ол иіс бірте-бірте жоғалады.

Шыршадан бөлінетін тағы бір зат - формальдегид. Ол адам денсаулығы үшін қауіпті. Жоғары концентрацияда формальдегид жөтел, бас ауруы, созылмалы шаршау, аллергия және тері ауруларын тудыруы мүмкін.

Ғалымдардың айтуынша, шыршалардан формальдегидтер аз мөлшерде бөлінеді. Десе де ол сезімтал адамдарда жас ағу мен жөтелді тудыру үшін жеткілікті болады. Осы ретте ғалымдар ағашты үйге әкелмес бұрын оны үш күн ашық ауада немесе гаражда ұстауға кеңес береді. Шыршаны содан кейін ғана үйге кіргізген жөн.

табиғи шырша зиян химиялық заттар формальдегид

Тақырыпқа жаңалықтар