Тарихшы-ғалымдардан құралған экспедиция көне Таразға жетті
Фото: Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі
Qarağandı oblıstıq tarïxï-ölketanw mwzeyi
Қазақстан жаңалықтары21 қыркүйек 2024, 15:04

Тарихшы-ғалымдардан құралған экспедиция көне Таразға жетті

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Талас-Ұлытау-Сарайшық» атты республикалық тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. Кеше бір топ тарихшы-ғалым, экспедиция қатысушылары жолға шығып, Таразға жетті, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Экспедиция маршруты бойынша Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Атырау облыстарының археологиялық, архитектуралық ескерткіштерін толық көлемде зерделеу Жошы Ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан тарихын зерттеуге жан-жақты қарауға мүмкіндік береді», — дейді облыстық облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Экспедиция құрамында еліміздегі тарихшы-ғалымдардан бөлек бауырлас Түркия елінен келген археолог Чобан Акайал, этнолог, М.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университетінің магистранты, Алтын Орда тарихын зерттеуші, тарихшы, Ресей Федерациясынан келген Саина Михайлова секілді алыс жақын шет елден келген тарихшылар бар. Бұл дегеніміз экспедицияның кең ауқымын көрсетеді.

«Экспедиция барысында Жошы Ұлысының тарихымен байланысты археологиялық, архитектуралық, мемориалдық нысандардың қазіргі жағдайына бақылау жүргізіледі. Туристік бағытты арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді, фото, бейне, аудио форматта танымдық ақпараттық өнімдер дайындалады. Ғалымдар, тарихшылар мен мамандардың сұхбаты негізінде деректі фильм түсіріліп, халыққа ұсынылады», — дейді облыстық Тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициялық көші 20 қыркүйек – 1 қазан аралығында жолда болады.

Экспедиция бүгін «Тектұрмас» Этно-тарихи кешені, Ежелгі Тараз әлемі қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек-Керей хандарының ескерткіші, Айша бибі кесенесіне барады.

Тарихшы-ғалымдар Тараз экспедиция Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі

Тақырыпқа жаңалықтар