Тасқын: Оралда саяжай тұрғындарына пәтер беріле бастады
Орал қаласында жалғыз баспанасы апатты деп танылған саяжай тұрғындарына пәтер беріле бастады. Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловтің мәлім еткеніндей, кеше 5 тұрғынға баспана кілті табыс етілсе, бүгін тағы 9 адамға пәтер берілген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Азамат Ерғалиұлының сөзіне қарағанда, саяжайлар суға кеткеннен бері екі айдай уақыт өтті. Қазіргі таңда саяжайлардың 30 пайызы әлі суда тұр. Сондықтан эвакуациялық пункттерде тұрып жатқан адамдар бар, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Осы кезге дейін 10 492 саяжай тұрғынынан өтінім түсті. Соның ішінде 3 093-і олардың жалғыз баспанасы деп танылды. 1 500-ге жуық үй техникалық тексеруден өткізіліп, соның ішінде 808-і тұруға жарамсыз деп танылды. Президент тапсырмасына сәйкес жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға ірі компаниялардың есебінен жаңадан салынып жатқан үйлерден пәтер сатып алынады. Оның бағасы 22 млн теңгеден аспайды. Сонымен қатар тұрғындар өзінің қалауы бойынша екінші нарықтағы пәтерлерге ие бола алады. Бірінші кезекте жалғыз баспанасы тұруға жарамсыз тұрғындардың мәселесі шешіледі», дейді қала әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, күні бүгінге дейін комиссиядан 825 материал өтсе, соның қорытындысы бойынша 17 үйді жөндеу қажет деп табылды. Мұндай үйлерді жөндеу үшін орта есеппен 3-3,5 млн теңге қарастырылады.
«Сонымен қатар 700-дей тұрғынның құжаты рәсімделмеген болып шықты, олар мүшелік билеттері бойынша коммуналдық қызметтер ақысын төлеп келген. Сол секілді 100-ден астам тұрғынның жатақханаларда 20-25 шаршы метр бөлмесі бар. 700-ден астам адамның басқа тұрғылықты мекенжайларда үлесі бар болып шықты. Оған қоса 300-ге жуық тұрғынның ауылдық жердегі апатты немесе құлатылған үйлері өзінің атында тіркеуде қалып қойған. Міне, осының бәрі мұқият қаралып, тиісті шешім қабылданатын болады. Жұмыстардың басым бөлігін оқу жылы басталғанға дейін аяқтау көзделіп отыр. Қазіргі таңда техникалық тексеру, мүлікті бағалау және су тасқыны зардаптарын жоюға байланысты басқа да іс-шаралар тәулік бойы атқарылуда», деді А.Халелов.