Тасқын: Саяжай тұрғындары да баспанамен қамтамасыз етіледі
Су тасқынынан үйлері бұзылған адамдарға баспананы өз бетінше таңдау мүмкіндігі болады. су тасқыны орын алған аймақтардағы тұрғындардың жалғыз баспанасы ретіндегі саяжайлар да назардан тыс қалмайды. Саяжай тұрғындары да баспанамен қамтамасыз етіледі, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева айтты.
«Тұрғын үй мәселелерін жедел шешу үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі нақты тетіктерін әзірледі. Біріншіден, су тасқынынан зақымданған шеккен үйлерді жөндеу ескерілген. Техникалық байқау қорытындысы негізінде жөндеуге әкімдік мердігерлері тартылады немесе үй иелері өтемақы есебінен үйлерін өздері жөндеуге де мүмкіндік алады. Ал, егер үйді қалпына келтіру мүмкін болмаса, бұл мәселені шешудің екі жолы қарастырылған. Яғни, жаңа тұрғын үй салу, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығында дайын тұрғын үйді сатып алу қарастырылған. Сонымен қатар, азаматтардың баспананы өз бетінше таңдауға мүмкіндігі болады. Бұл жерде бекітілген стандартты жобадан аспайтын шығындардың лимиті бар екенін атап өткен жөн. Тұрғын үй құрылысы әкімдіктер бекіткен типтік жобаларды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Тұрғын үй құжаттары болмаған жағдайда, меншік құқығын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және денсаулық сақтау органдары растайды», - деді М. Ибраева.
Жаңа тұрғын үй салу үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үш климаттық шағын аудан бойынша мынадай параметрлермен мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған типтік жобаларды әзірледі:
- ауданы 80 шаршы метр бір отбасылық тұрғын үй. Құрылыстың мерзімі – 1,5 ай.- ауданы 160 шаршы метр екі пәтерлі тұрғын үй. Құрылыстың мерзімі – 2,5 ай.
Жобалар әкімдіктерге әрі қарай іске асыру үшін жіберіліп, жергілікті жерде қайта пайдалану үшін мемлекеттік сараптама порталында орналастырылды.
«Жергілікті әкімдіктер жер телімдерін анықтап, дайындық жұмыстарын атқарып жатыр, яғни типтік жобаларды аумақпен байланыстыру жұмыстарын, сараптама жүргізуді бастайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Министрліктің басшылығымен 3 жедел топ құрылды. Оның құрамына салалық мемлекеттік органдардың вице-министрлері кірді», - деді Меруерт Ибраева.