Тасжолды жауып тастаған: Қояндыда қандай шу шықты?
Астана іргесінде орналасқан Қоянды ауылында қар суы еріп, бірнеше ауланы су басқан. Жүріп-тұру қиындаған ауыл тұрғындары аймақта Төтенше жағдай жариялауды талап етіп, 26 наурыз күні, кешке күре жолды жауып тастады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Тұрғындар, әуелі, мәселесін айтып Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбековке жүгінген.
Талабы орындалмаған қояндылықтар күре жолды жауып тастады. Олар, тіпті, аудан әкіміне Төтенше жағдай жарияланбай, талап-тілегі орындалмаған жағдайда жолды жауып тастайтындарын да ескертіпті.
Дереккөз жариялаған бейнежазбада ауыл тұрғындарының: «Қояндыға жағдай жасалсын. Қыс бітіп, күн райы жылығанда жыл сайын балшыққа батып қаламыз. Жұмысын орындай алмағандар лауазымын босатсын», деген сөздерін естуге болады.
Қояндылықтар уәкілетті орындардың ауылды қарғын су басып қалу мәселесін жылы-жұмсақ жеткізіп жатқандарына да наразы.
«26 наурыз. Бүкіл халық әкімдік алдына жиналдық. Біздің талап – жергілікті жерде төтенше жағдай енгізу. Ауылымыз су астында қалды. Су неше үйге кірді? Олар өтемақыны қалай өтейтінін айтпайды. Көлік керек, көмек керек, суды сорғызатын адамдар керек. Қыс бойы қарды тазаламаудың салдарын бүгін көріп отырмыз», деді ауыл тұрғыны.
Төтенше жағдайлар министрлігі Қоянды ауылындағы қарғын су басқан аумақтың масштабын нақты жарияламады. Дегенмен 27 наурыз таңғы сағат 6 шамасында 80 мың текше метр еріген су тартылғанын хабарлады.
«Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және ЖАО 17 техникасы, 76 адамы және 18 мотопомпасы жұмылдырылды. Жағдай қалыпты», деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Қанат Доспаев.