Тоқаев ҚМА төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жанат Элиманов ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар жөнінде толық ақпарат берді.
Ведомство 24 миллиард теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компанияларды әшкерелеп, есірткі сатудан және алаяқтықтан түскен табыстарды жылыстатқан 20 заңсыз криптобиржа қызметін тоқтатқан.
Сондай-ақ ТМД аумағындағы ең ірі криптосервисті жойған.
Төрағаның мәліметінше, қаржылық мониторинг агенттігі 720 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты, соның ішінде 3 трансұлттық топты жойған.
«Бұдан бөлек, 17,1 миллиард теңге сомасындағы мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекеті тоқтатылды, заңсыз темекі өнімдерін дайындаған 2 жасырын цех және суррогат алкоголь өнімдерін өндіретін 16 цех әшкереленді. Көлеңкелі айналымнан 12 миллиард теңгеге бағаланған вейптер алынды», - деді Жанат Элиманов.
Сонымен қатар, заңсыз микронесие беру деректері бойынша 23 тергеу ісі басталған. Оның шығыны 71 миллиард теңгені құраған.