Қазақстан жаңалықтары24 мамыр 2024, 9:12

Түркістан облысында қаңлы дәуіріне тиесілі Хань империясының айнасы табылды

Ордабасы ауданына қарасты Қарааспан ауылд округінде орналасқан Төлебайтөбе қорымындағы 3 обаға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогика университетінің археология орталығы қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде зерттеушілер қаңлы дәуіріне тиесілі Хань әулетінің айнасын тапты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Әйел адамның қабірінен табылған қола айна сол замандарда қымбатқа бағаланған. Оны тек ауқатты, бай-қуатты адамдар ғана қолданған.

Тарихи жәдігерге қарап қайтыс болған адамның жоғары дәрежелі қызметте болғанын білуге болады.

«Айнаның пішіні дөңгелек, ортасында жіп өткізуге арналған тесігі бар, ал беткі жағы 8 аркалы. Осыған ұқсас айналар бұған дейін Кушан империясының орталығы Ауғанстан аумағындағы Тилля тепе қалашығынан және Оңтүстік Оралдағы сармат патшаларының жерлеу орнында кездескен. Сондай-ақ, көшпелі сюнну (хунну) азиялық империя шаньюларының қабірлерінен де табылған» делінген археология орталығы таратқан ақпаратта.

Үш бірдей обаға зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар 1,2 обалар көне заманда тоналғанын айтады.

Ал, үшінші обадан өте құнды жәдігерлер шыққан.

Атап айтқанда, олардың ішінде құмыра, Хань кезеңіне тиесілі қола айна, Рим кезеңінде қолданыста болып түйреуіш рөлін атқарған фибула, сырға, сонымен қоса майда бисер мен қолға тағуға арналған ірі моншақтар, аяқ киім мен белдіктің тоғасы, құс аулау үшін арнайы жасалынған жебе бар.

«Табылған жәдігерлерге қарап Қаңлы мемлекеті мықты және қуатты империялармен байланыста болғандығын білуге болады. Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Батыс пен Шығысты жалғастырған сауда-саттықты дамытып, үлкен қалаларды гүлдендірген Қаңлы мемлекетімен Рим, Византия, Кушан, аспан асты елі Қытай тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынаста болған. Ал, жерлеу орнының уақыты б.з.д. II ғ. мен б.з. IV ғ. қамтиды» делінген ақпаратта.

Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин аталған жауһарлар тарихи құндылығына қарай Ұлттық музейге тапсырылатынын айтты.

Зерттеу жұмысына Ордабасы тарихи-ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері де қатысты.

Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ

 

 

Түркістан облысы Хань империясы айна археологтар

Тақырыпқа жаңалықтар