Қазақстан жаңалықтары16 наурыз 2024, 10:00

Түркістанда республикалық командалық айтыс өтті

Аламан айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Дүбірлі додадаға қатысқан қос өңірдің ақындары түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы жанрларында сынға түсті. Сондай-ақ, жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер іс-шараның көрігін қыздырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Айтысқа арнайы қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көрермен қауымды мерекемен құттықтады.

«Төл өнеріміз – айтыс жаңаша форматта қарқын алды. Дәстүрлі ән өнері мен күй, терме жанрларының жаңғыруы – ұлттық өнерге жасалған оң бетбұрыс деп білемін. Сондықтан қасиетті Сыр даласынан басталып, Түркістан топырағына табан тіреген бүгінгі жобаның халыққа берері мол. Қазіргі таңда Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтеріліп, арнайы заң жобасы әзірленді. Биылғы жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанып отыр. Ел мәдениетін дамытуға бағытталған шаралардың көптеп өтуі – осы бастамалардың жүзеге асуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін», – деген облыс әкімі қос өңірдің өнерпаздары сәттілік тіледі.

Ал, Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімінің құттықтау сәлемін жеткізді.

Айтыс қорытындысымен республикалық командалық айтыстың екінші кезеңіне Түркістан облысының командасы жолдама алды. Қос командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әрбір ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясының арнайы сыйлығы берілді.

Түркістан Айтыс республикалық командалық айтыс

Тақырыпқа жаңалықтар