Ұлт ұстазы атындағы жарыс
ФОТО: egemen.kz
egemen.kz
Қазақстан жаңалықтары16 қазан 2024, 16:00

Ұлт ұстазы атындағы жарыс

Қостанайда ұлт ұстазы, қа­зақ әде­биеті мен әдебиеттану ғылы­мының, тіл білімінің атасы һәм реформаторы Ахмет Байтұр­сын­ұлының рухына арналып қазақ кү­ресінен республикалық турнир өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Әр өңірден келген балуандар 8 сал­мақ дәрежесінде белдесуге түсті. Тартысты өткен сайыста Диас Дәулет (55 кг, Астана қаласы), Бекзат Әмзебек (60 кг, Шымкент қаласы), Ержан Ерен­­қайыпов (66 кг, Ас­тана қаласы), Бей­барыс Тұрғанбекұлы (74 кг, Ақтөбе облысы), Нұрдәулет Бақты­байұлы (82 кг, Шымкент қаласы), Олжас Исаханов (90 кг, Қарағанды облысы), Әсет Жүнісов (100 кг, Ақмола облысы), Нұр­сұлтан Қаблан (+100 кг, Қостанай облысы) чемпион атанды. Түйе балуандар сайысында астаналық Жандос Сейтенов финалдық белдесуде Қарағанды облысынан қатысқан Ерқанат Молдағұловты жықты. «Sport Qory» демеушілігімен өткен республикалық турнирдің же­ңімпаздары мен жүлдегерлеріне дип­лом, медальға қоса қаржылай сыйақы берілді.

Турнир барысында Қостанай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов 2018 жылы қазақ күресінен әлем чемпионы атанған Ерлан Ома­ровты «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.

Ептілік пен ұшқырлық сынға түсті

Шымкентте теңге ілуден XVII Қа­зақстан чемпионаты өтті. Шы­райлы шаһардың атшабарында өт­кен ел біріншілігіне 8 облыстан 19 спорт­шы қатысты.

Ат үстіндегі жауынгерлік өнердің бүгінге мирас спорттық сайыста қаты­сушылар үш стильде шеберлік сынасты. «Жеті құт» стилінде шымкенттік Бақыт Төлтай чемпион атанса, Алматы облы­сының өкілі Мәрлен Нұрсыдық күміс, Бей­барыс Сапар (Түркістан облысы), Дәулетияр Сапарәлі (Қызылорда облысы) қола жүлде еншіледі.

«Қос құлаш» стилінде Түркістан об­лысының шабандозы Рахат Қам­баровтың алдына ешкім түсе алма­ды. Тәжірибелі спортшы өзінің сам­да­ғайлығын тағы да көрсетіп, же­ңіске жетті. Күміс жүлдегер Рус­лан Сей­дах­мет (Қызылорда облысы), қо­ла ме­даль­ды қанағат тұтқан Әсім­жан На­ри­ман (Алматы қаласы), Аят На­маз­бай (Жам­был облысы) да бола­шағынан зор үміт күттіреді.

Ал «бес белес» стилімен сайысқа түс­кен­дер арасында шымкенттік Азат Түлкі­байдың мерейі үстем болды. Түр­кіс­тан облысының шабандозы Досжан Тасте­міровке күміс, Қы­зылорда облы­сынан қатысқан Айдар Исраил мен Батыс Қа­зақстан облысынан келген Бек­нұр Се­ріковке қола медаль бұ­йырды.

Ат спорт түрлерінен мемлекеттік жат­тықтырушы Нұркен Байбөриев ересектер сапына жаңа қосылған жас­тардың арынды екенін, ұлттық құра­маның қата­рына қосылуға ұмтылатын талантты шоғыр шыққанын атап өтті.

Садақшыларға сый-құрмет: пәтер мен көлік

Ұлттық спорт түрлерінен олжа салып жүрген саңлақтарға да сый-құрмет көрсетіліп, қолдау, қошемет жақ­сарып келеді. Елорда төрінде өткен V Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойындарында дәс­түрлі садақ атуда олжа салған саң­лақтар марапатқа кенелді.

Дәстүрлі садақ ату федерациясының басшылығы этноспорт аламанында жеңімпаз атанған мерген Жәнібек Құл­мырзаевқа Астана қаласынан бір бөл­мелі пәтер тарту етті. Ал күміс жүл­де иеленген Ербол Тәпеновке авто­кө­лік сыйлады. Қола жүлде олжалаған Қанат Қа­сымханға 500 мың теңге, ұлттық құра­маның аға бапкері Диас Ахметовке 1 миллион теңге берілді.

Ілгеріде көшпелілер ойындарында ел абыройын асырған құсбегілерге кәсіпкерлер тарапынан автокөлік бе­ріліп, құрмет көрсетілген еді. Елорда төрінде өткен дүниежүзілік этноспорт бабадан қалған ұлттық ойындарымызды ұлықтаушы сайып­қырандардың елге етене танылуына, сый-құрметке кенелуіне де өріс ашты.

Ахмет Байтұр­сын­ұлы Қостанай республикалық турнир

Тақырыпқа жаңалықтар